Сәтбаев университетінде «Орталық Азия – Еуроодақ: мамандарды даярлау сапасын арттыру саласындағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары» атты халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Бұл іс-шара Худжанд келісімін одан әрі дамытуға, Еуроодақ пен Орталық Азия елдері арасында біртұтас ғылыми және білім беру кеңістігін қалыптастыруға, сондай-ақ Орталық Азия аймағындағы университеттерді аккредиттеу, сертификаттау және саралау мәселелеріне арналды.
Конференцияға ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки қатысты.
Сонымен қатар конференцияға Еуропалық аккредиттеу ұйымдарының өкілі, халықаралық және отандық сарапшылар, Қазақстан, Германия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және басқа да елдердің жоғары оқу орындарының басшылары жиналды. Конференцияның пленарлық отырысында инженерлік білім беру саласында аккредиттеу жөніндегі еуропалық желінің (ENAEE) президенті Жозе Квадрадо, Еуропалық ұлттық инженерлік қауымдастықтар федерациясының (FEANI) бас хатшысы Дирк Бочар, IREG президенті Вальдемар Сивинский және басқа да шетелдік қонақтар сөз сөйледі.
Қатысушылар инженерлік білім беру саласындағы еуропалық тәжірибені Орталық Азия аймағындағы елдердің білім беру тәжірибесіне қалай көшіру және енгізу туралы мәселелерді шешуге баса назар аударды. Бұл бастама білім беру сапасын арттырып қана қоймайды, сонымен қатар қазақстандық инженерлік кадрлардың дипломдары еуропалық инженерлік кадрлар нарығына шығуға ықпал етуі тиіс. Осы мақсатта конференцияны ұйымдастырушылар Инженерлік білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі еуропалық желінің сараптамасын іске тартқан болатын, бұл желі инженерлік білім беру саласы бойынша барлық еуропалық аккредиттеу агенттіктерін біріктіреді.
Бұл процестің орталық қозғалтқышы ретінде KAZSEE Қазақстандық заманауи (элиталық) білім беру қауымдастығы болды, ол 2015 жылғы қазан айында қол қойылған Худжанд келісімінің бастамашыларының бірі. Еуропалық ERASMUS+ жобасы аясында Орталық Азия аймағындағы аккредиттеу агенттіктері мен университеттері қол қойған осы келісім шеңберінде инженерлік білім беру қоғамдарының Орталық Азия федерациясы құрылды, бұл өз кезегінде Қазақстанда инженерлік білім беретін университеттердің еуропалық білім кеңістігіне интеграциясына негіз салды. Атап айтқанда, KAZSEE аккредиттеу агенттігі ретінде ENAEE мен FEANI екеуінің де мүшесі болды, бұл Қазақстанға Еуропалық жоғары білім кеңістігіне біріктірілген білім сапасын қамтамасыз ету жүйесіне ие болуға мүмкіндік берді.
2023 жылғы «Орталық Азия – Еуроодақ: мамандарды даярлау сапасын арттырудағы ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары» атты конференция Орталық Азия аймағында KazSEE тәжірибесін таратудағы тағы бір сәтті қадам болды.
Қатысушылар қазіргі өзекті мәселелерді талқылап қана қоймай, сонымен қатар ынтымақтастық қарым-қатынастың жаңа бағыттарын тауып, жаңа іргелі келісімдерге қол жеткізді. Сөйтіп конференция нәтижесінде Орталық Азия аймағындағы университеттерге инженерлік білім беру бағдарламалардың еуропалық рейтингі (EngiRank) мәселелері бойынша консультациялық қызмет көрсету бағдарламасын іске қосу және ERASMUS+ бағдарламасы аясында Еуропалық ұлттық инженерлік қауымдастықтар федерациясымен бірлескен жұмыс туралы, сондай-ақ Еуропаның ұлттық инженерлік қауымдастықтарының мамандарды Еуропалық федерация стандарттары бойынша сертификаттау орталығын құру туралы шешім қабылданды.
Шетелдік спикерлер Қазақстанның Еуропалық жоғары білім беру кеңістігімен өзара іс-әрекетін және Орталық Азия аймағындағы көптеген бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыруға белсенді түрде қатысатынын жоғары атап өтті. Олардың пікірінше, конференция өткізу - Орталық Азия университеттері мен еуропалық ұйымдар желісі арасындағы сенімді нығайтуға және ынтымақтастықты дамытуға көмектеседі әрі олардың жоғары жетістіктерге, инклюзивтілікке және жаһандық серіктестікке ұмтылуының маңызды дәлелі.
Оқи отырыңыз: Қазақстан Үкіметі мен ArcelorMittal арасындағы келіссөздер сәтті аяқталды