Биыл Алматы колледждеріндегі электрик және пошта байланыс операторы мамандықтарына сұраныс жоғары. Шілде айының аяғында жұмысын бастаған мобильді қабылдау комиссияларына жүгініп жатқан жастардың қарасы қалың. Олар «Еңбек» бағдарламасының арқасында қаладағы 26 арнаулы оқу орнында тегін білім ала алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл колледждер аспаз, тігінші, құрылысшы, шаштараз, дәнекерлеуші секілді мамандарды даярлайды. Бүгінгі таңда мобильді қабылдау комиссиялары қаладағы адам көп шоғырланатын бес базар, екі теміржол бекеті мен төрт мешіт аумағына орналасқан. Жылжымалы комиссия жастарға ақпарат беріп, мамандық таңдауға көмектеседі.
«Бүгінгі таңда бізге келушілер өте көп. Негізінен байланысты монтаждау кабельші, пошта байланыс операторы, электрик мамандықтарына сұраныс өте көп. Жалпы мемлекеттік тапсырыс бойынша бізде 350 білім алушы қабылдауымыз керек. Соның шамамен 20-дан астамын мобильді қабылдау комиссиясы арқылы қабылдап жатырмыз», – деді Алматы қаласы телекоммуникация және машина жасау колледжі директорының орынбасары Ермек СЕРҒАЗИЕВ.
«Еңбек» бағдарламасына 9 бен 11 сынып бітірген түлектер, көпбалалы отбасыдан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мектеп-интернаттың түлектері және білім алуға ниетті жұмыссыз жастар қатыса алады. Қазіргі таңда осы бағдарламамен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 5000-ға жуық жас білім алып жатыр. Айта кетерлігі, бағдарлама арқылы оқуға түскен студенттер үлгеріміне қарамастан 17 мың теңгедей шәкіртақы алады.
«Алматы қаласы Білім басқармасы Еңбек бағдарламасы бойынша жыл сайын 2500 орынға мемлекетті тапсырыстарын бөліп отыр. Барлығы – нарыққа қажетті жұмысшы мамандықтар. Бағдарламаның ерекшелігі – аталған бағдарламамен оқыған оқушылар стипендияны үлгеріміне қарамастан ала береді», – деді Алматы қаласы білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім бөлімінің басшысы Әсет МҰХАНБЕТОВ.