Жер сілкінісін ғарыштан бақылайды: ғалымдар наноспутник ойлап тапты

01.11.2023 22:42

Бастама шеңберінде Азия елдерінен 200-ге жуық қыз бала наноспутник жасауды үйренді

Almaty.tv

Қазақстаннан минералдық ресурстарды анықтайтын және жер сілкінісін болжайтын наноспутник ұшырылады. Ғарыш аппаратын әзірлеумен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы орталықтың ғалымдары айналысып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Отандық спутниктердің арқасында ғалымдар шағын обсерваторияда табиғат құбылыстарын бақылауға мүмкіндік алды. Мамандарымыз 6 жыл бұрын Үндістанда алғашқы ғарыш аппаратын сәтті ұшырған еді. Ал 2018 жылы мұнда Илон Масктың танымал SpaceX компаниясының қолдауымен «Әл-Фараби 2» құрылғысы іске қосылды. Оның арқасында ауа сапасын бақылауға және өрт қауіпті аймақтарды анықтауға жол ашылды. 

– Бұл наноспутник ғарышта 3, 5 жыл жұмыс істеп, кейіннен атмосфераның төменгі қабаттарында жанып кетті. Соңғы сигналды тамыз айында алдық. Технологияларды дамыту және кадрларды дайындау кезеңі уақытты тиімді пайдалану үшін жасалды. Қазір бізде қысқамерзімде жаңа спутниктерді дайындап, ұшыратын мүмкіндік бар, – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Инжиниринг және жоғары технологиялар кластерінің бас директоры Әмірхан Темірбаев.

Отандық ғалымдар сандық камерамен жабдықталған тағы бір наноспутникті әзірлеуге кірісті. Көпфункционалды дизайн жаңа деректерді есептеуге мүмкіндік береді. Жобаны іске қосу алдағы жылдарға жоспарланған. 

– Жер сілкінісін ерте анықтау мәселесі қарастырылып жатыр. Қазір серіктестерімізбен жер шарының бетін гравиметриялық өлшеу бойынша миссияны жоспарлап қойдық. Бұл өлшеудің көмегімен пайдалы қазбалардың жаңа орындарын анықтауға болады, – деді Әмірхан Темірбаев.

Әуел баста бұл жобаның басты мақсаты мектеп оқушыларының зерттеушілік қабілеттерін дамыту еді. 2022 жылы бастама шеңберінде Азия елдерінен 200-ге жуық қыз бала наноспутник жасауды үйренді. Енді мамандар зерттеуін дамытып, өнімдерді практика жүзінде қолдануды көздеп отыр. Сондай-ақ ғалымдар «наноспутникті құрастыру үшін пайдаланылатын қосалқы жүйенің өзімізден шығуы – басты жетісітік» деп атап өтті. Бұған дейін басқа елден сатып алатын. Қаржылық мәселеcі шешілсе, аталған жаңалықтарды ғарышта сынап көру мүмкіндігі туады.

Жансая Олжабек, Айдана Нұраш, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Елімізде Қазақ-француз университеті ашылады