|
11.02.2019 | 17:49
6002

ҚазҰАУ ауылшаруашылық саласындағы ең үздік стартап-жобаларға грант тағайындады

Ең таңдаулы жоба авторына 100 мың теңгеден бастап 500 мың теңгеге дейін қаржылай сыйақы табыстамақ

ҚазҰАУ ауылшаруашылық саласындағы ең үздік стартап-жобаларға грант тағайындады

Алматыда ауылшаруашылық саласындағы ең үздік стартап жобалар таңдалмақ. Тың идея авторларына қаржылай көмек көрсетіліп, аталған жобалар жүзеге асады деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақ ұлттық аграрлық университеті ең таңдаулы жоба авторына 100 мың теңгеден бастап 500 мың теңгеге дейін қаржылай сыйақы табыстамақ. Бұл туралы Алматыда өткен жас ғалымдардың халықаралық форумында айтылды.

Ғалым Оразәлі Камалханов ірі қара малға арналған азықты ұзақ мерзімде сақтаудың тиімді әдісін жүзеге асырмақшы. Оның Силос технологиясы әлемдік өндірісте талай жылдан бері қолданылып келеді. Дегенмен, еліміздегі шаруалар әлі іске асырып көрмеген. Жас ғалым жобаны 1 жылдан бері зерттеп жүр. Алдағы екі жылда ауылшаруашылық саласында жүзеге асыруды көздеп отыр.

«Форумға шағын макетін әкелдім, негізі жем үлкен контейнерлерде сақталады. Оның клапандары бар, яғни бір жағынан вакуум ауаны түгел сорып алады да, екінші жағы мүлдем ауа шықпайтындай етіп жасалған», - деп түсіндірді өзінің жобасын студент Оразәлі КАМАЛХАНОВ.

Арнайы технология жүгері, күнбағыс және өндіріс қалдықтарын 6 айдан бір жылға дейін сақтауға қауқарлы. Онда сақталған азық барлық пайдалы қасиеттерін сақтап, өнім көлемін арттыруға да мүмкіндік береді.

Қазақ ұлттық аграрлық университеті қабырғасында өткен жас ғалымдар форумында 20-дан астам жоба көпшілік назарына ұсынылды. Аталған жұмыстар бұған дейін республикалық сайыстарда жүлделі орындарды иеленген.

«Форумға глютенсіз күлше алып келдік. Мұны біз жүгері ұнынан жасағанбыз. Глютень дегеніміз асқазанда қорытылмайтын ақуыз. Қазіргі таңда адамдардың ағзасында фермент бар. Сол ферменттер негізінен глютенді қорыта алмағандықтан Целиакия ауруларына ұшыратып жатады. Сол аурулардың алдын-алу мақсатында мен осындай глютенсіз күлше ойлап таптым. Оның құрамы негізінен жүгеріден тұрады. Ал, глютеннің құрамында қара бидай көп», - дейді жас ғалым Қарлығаш ҚАНАТБЕК.

Халықаралық жиында Түркия, Польша, Сербия, Ресей, Украина және басқа да елдердің білікті мамандары мен жас ғалымдары бас қосты. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды жастар өзара тәжірибе алмасып, білгендерімен бөлісуде. Сондай-ақ, алдағы күндері шеберлік сабақтары өтеді.

«Жақсы жобалар көп, тыңайтқыштарды, зиянкестерді зерттеуге бағытталған стартаптар бар, нүктелі егін шаруашылығы деген де жақсы жоба бар. Кейбір жас ғалымдар мал шаруашылығын дамытудың тиімді жолдарын ұсынып жатыр. Енді олар іріктеліп, ең тиімділеріне қаржылай қолдау көрсетіледі», - дейді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің бас ғалым-хатшысы Үкілай КЕРІМОВА.

Перизат Көмекбайқызы, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир