Әзірге бұл тек институттың тәжірибелік лабораториясында сынақтан өтіп жатыр
Отандық ғалымдар жер сілкінісі кезінде адамдар мен ғимараттарды дін аман алып қалуға болатын әдіс ойлап тапты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар нысандарға теңселмелі тірек орнатуды ұсынып отыр. Яғни, үйдің іргетасы мен ғимарат арасына қозғалмалы табан жасау қажет дейді. Сонда 6 балдан асқан жер сілкінісі кезінде нысандарды құлатпай, барынша адам өмірін сақтап қалуға болатынына сенімді екенін білдірді.
«Менің ұсынысым – тіректі шектейтін бет жоғарғы дәрежелі болуы керек. Ал оның негізгі артықшылығы, қатты жер сілкінісі кезінде жақсы жұмыс істейді. Яғни, ғимараттарды жер сілкінісінен қорғай алады деген сөз. Ол үшін біз міндетті түрде ғимараттарға жер сілкінісі кезінде әсер ететін инерция күшін азайтуымыз керек», – дейді техника ғылымдарының докторы, профессор Қуатбай Бейсенбаев.
Әзірге бұл әдіс тек институттың тәжірибелік лабораториясында сынақтан өтіп жатыр. Ғалымдар жоба қолдау тапса, кемінде 3 жылдың ішінде жүзеге асуы мүмкін деп отыр. Сонда ғана қондырғы Алматыдағы сейсмологиялық институтқа тапсырылмақ.
«Қазіргі лабораторияда жасаған қондырғымыз мағлұматты зерттеп, анықтауға мүмкіндік береді. Нақты зерттеу үшін басқа қондырғылар жасап жатырмыз. Келер жылға ғалымдардың алдына мақсат қойып отырмын», – дейді Ө.А. Жолдасбеков атындағы механика және машинатану институтының бас директоры Амандық Төлешов.
Оқи отырыңыз: Алматыда заманауи технология орнатылған ең үлкен зерттеу кешені ашылды