|
01.06.2023 | 18:18
3339

Алматыда заманауи технология орнатылған ең үлкен зерттеу кешені ашылды

Онда жүргізілетін сынақ та автоматты режимде, қызметкерлердің қатысуынсыз орындалады

Алматыда заманауи технология орнатылған ең үлкен зерттеу кешені ашылды Almaty.tv.

Алматыда «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханасы жаңа зерттеу кешенінің ашылу салтанатын өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Онда толығымен автоматтандырылған жүйе енгізілген. «Бұл – трек жүйесі арқылы жүзеге асқан жоба» дейді мамандар.

«ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханасының жаңа кешенінде «Рош» швейцариялық компаниясының трек жүйесі енгізілген. Аталмыш құрылғы бұған дейін еліміздің екі қаласында орнатылған еді. Астана, Атырау, енді алматылық тұрғындарға да қолжетімді. Жаңа жүйенің ерекшелігі бар, ол – еңбек күшін аса қажет етпейді, керісінше, өнімділік арта түседі.

«Бүгін біз Алматы қаласындағы Төле би көшесінің бойында жаңа зертхана кешенін аштық. Ол көлемі жағынан үлкен, 4000 шаршы метрді құрайды. Қазір қала, жалпы Қазақстан бойынша ең үлкен кешен осы болып отыр. Бұл зертханаға біз «Рош» компаниясының заманауи технологиясын әкелдік. Швейцариялық құрылғы енді барлық жүйені автоматтандырып, жұмыс өнімділігін барынша арттыра түседі», – дейді «КДЛ ОЛИМП» ЖШС бас директоры Ерлан Сүлейменов.

Орнатылған бағдарлама биоматериалдың сапасын өздігімен бағалай алады. Алдымен сынамаларды тапсырысқа сай сұрыптап, оларды зерттеуге жолдайды. Онда жүргізілетін сынақ та автоматты режимде, қызметкерлердің қатысуынсыз орындалады.

«Бұл - аталмыш зертханамен ортақ атқарып отырған үшінші жобамыз. Мекеме ісін автоматтандыру бойынша бірге жұмыс істеп келеміз. Ары қарай да осы шаруаға бар күш-қайратымызды салсақ деген ниетіміз бар. Науқастардың бойындағы ауруын ерте анықтап, зертханалық нәтижелерге үздіксіз қол жеткізуін қамтамасыз етуді жалғастыра береміз», – деді «Рош диагностика Түркия» бас директоры Джорди Фернандез Капо.

«ОЛИМП» зертханасы тәулігіне 300 мың зерттеу жасауға қауқарлы. Оның қатарында клиникалық- диагностикалық, имунноферменттік, микробиологиялық, паразитологиялық, цитологиялық және ПТР-зертханалар жұмыс істейді. Ендігіде  сараптаманың тағы үш бағыты бойынша жұмыс бастау жоспарда бар.

Гүлмарал Изатқызы, Меруерт Көнеева, Ғани Қалуов,  «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир