Іс-шарада білім беру саласының үздіктері дұрыс мамандық таңдауға қатысты пікір бөлісті
Елімізде жоғары оқу орындарын аяқтаған түлектердің 60 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Оның басты себебі мектепте оқушылармен дұрыс үгіт-насихат жұмыстарының жүргізілмеуінен. Мұндай пікір Алматыда өткен JOO.FEST фестивалі аясындай айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
3,5 мың оқушы жиналған ауқымды шарада білім беру саласының үздіктері дұрыс мамандық таңдау бойынша пікір бөлісті.
Бекзат Қайратұлы – Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде туризм мамандығы бойынша білім алған. Қазір мүлде басқа салада қызмет етеді. Оның айтуынша, жастардың заман талабына сай жаңа мамандықтарға бейімделуі аса маңызды. Қазір әсіресе маркетинг, смм, таргетолог, копирайтер секілді қызмет трендке айналғандай. Бұл жұмыс түрлеріне сұраныс та жоғары дейді.
«Оқығым келмеді. Содан кейін көзім жетті, 4 жылымды босқа құртып жатқанымды түсіндім. Себебі бұл менің жаным қалаған нәрсе емес, мен көбінесе жұмысқа ден қоя бастадым. Егерде сіз өз қалағаныңызды жасайтын болсаңыз, жұмыс істеп жатқан жоқпын деп есептесеңіз болады. Осы арқылы сіз ақша тапсаңыз да болады», – деді жас маман Бекзат Байханов.
Келешекте жастардың өз мамандығы бойынша жұмыс істеуі үшін оны бала кезден бір бағытқа бейімдеу керек дейді сарапшылар. Ол үшін елімізде отандық JOO.KZ онлайн платформасы іске қосылған. Бұл – оқушының мектеп қабырғасында жүріп, өзінің қай салада алғыр екенін аңғартуға мүмкіндік береді. Мұнда еліміздегі және халықаралық деңгейдегі университеттер туралы ақпарат бір жерге топтастырылған.
«Сол ақпараттың дұрыс жетпеуінен, дұрыс дайындала алмағандықтан, балалар оқуға түспей жатады. Көп бөлігі мектеп бітіргеннен кейін не жұмыс істемейді, не оқу оқымайды. Бұлар қылмыс жасауға бейм болады. Соның алдын-алу үшін біз жол көрсетіп, мамандық таңдауға көмектесеміз», – деді «JOO.KZ» компаниясының негізігн қалаушы Қанат Өксікбаев.
Алматыда өткен JOO.FEST ауқымды шарасы осы өзекті мәселенің шешімін табуды көздейді. Балуан Шолақ спорт кешенінде 3,5 мың алматылық оқушы мен ата-аналар жиналып, өз ойларын ортаға салды. Республикалық фистиваль еркін әрі мерекелік форматта ұйымдастырылды.
«Қазіргі кезде балалар 11 жыл бойы мектептің ішінде жүріп, мектептен тыс өмірді көрмей қалады. Соның салдарынан көп жағдайға дайын болмайды. Кесірінен жан дүниесі күйзеліске түсуі мүмкін», – деді профориентатор Диас Асанов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі алдағы 15-20 жылда елімізде сұранысы азаятын мамандық иелерінің тізімін жариялады. Олар банк қызметкерлері, есепші және сызбашы, өңдеу өнеркәсібі мен сақтандыру саласының мамандары. Олардың орнын сандық жобалаушы, туристік маршруттардың картасын әзірлеушілер мен блокчейн-технолог сияқты жаңа қызмет түрлері ауыстырады екен.
Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы