Шетелдіктер еліміздің ЖОО-ға оқуға ағылып келіп жатыр. Білім алуға құштар азаматтар саны 30 мыңға жуықтайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олар әлемнің 84 елінен келген. Оның басым көпшілігі Алматыны таңдапты. Одан кейінгі орында Шымкент қаласы тұр.
Үндістандық Нираш өз елінде инженер мамандығын тәмамдаған. Ал Қазақстанға арман қуып, тағы бір жан дүниесі қалаған саланы меңгеруге келіпті. Ол қазір журналистика саласында білім алып жатыр. Оқумен қоса, йога орталығының әлеуметтік желідегі парақшаларын жүргізеді. Ол қызықты видео түсірумен де айналысады.
«Мен халықаралық оқу орындарын көп зерттедім. Мұнда 2018 жылы алғаш рет келдім. Бұл таңдауыма еш өкінген емеспін. Ел және университет таңдаудан шатасқан жоқпын. Негізінде Үндістаннан келетін жерлестірім Қазақстандағы медицина саласын таңдайды. Ал мен өзімді медиада сынап көргім келді. Айтарым, Қазақстанда білім деңгейі жоғары. Тек оқимын деген ниет болса болғаны», – деді студент Нираж Комар (Үндістан)
Шетелдіктердің Қазақстандағы жоғары оқу орындарын таңдаудағы бірінші себебі – оқу құны арзан. Дегенмен жатақхана жетіспейді. Рахман Алшановтың айтуынша, мәселесе шешілсе, Қазақстанның 100 мыңнан аса шетелдік студентті оқытатын қауқары бар. Демек айтарлықтай табыс табуға болады. Бұл университеттер арасындағы бәсекелестікті және сапаны арттырады.
«Біріншіден, маман дайындау. Көрші елдерге көмектесу. Қазір өңірлердің бәрінде тек ғана Алматы, Астана емес, шетел студенттері Ақтөбеде де көп. Оралда оқып жатыр. Атырау, Ақтауда кеше болдық. Ақтауда біраз студент жүр. Екіншіден, қарым-қатынас. Австралия жыл сайын 26 млрд доллар табады екен. Ол елге қомақты көмек болар еді», – деді ҚР ЖОО қауымдастығының президенті Рахман Алшанов.
Қазақстанды таңдағандар қатары жыл сайын көбеймесе, азаймай тұр. Олардың 11 мыңнан астамы Орталық Азия және 13 мыңнан астамы ТМД елдерінен келген. Оған қоса, Еуропадан келгендер де бар. Олардың жалпы саны 8 мыңнан асып жығылады. Жауапты ведомство бұл тенденция соңғы жылдары мемлекетаралық келісім артқандықтан белең алғанын атап өтті.
«Стипендиялық бағдарламаларға мемлекет тарапынан қаржы бөлінген. Қазір 4 мыңдай студент оқып жатыр. Жыл сайын 550 мың стипендия бөлінеді. Оның көпшілігі бакалавриат және 100 шақты грант магистратура мен докторантураға қарастырылған», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бану Нарбекова.
«Қазақстанды өзім таңдадым. Өйткені бұрыннан Орталық Азияға қызығамын. Мұнда халықаралық қатынастар саласында білім алып жатырмын. Білім деңгейіне біздің елмен салыстырғанда еш айырмашылық жоқ. Тек бір семестрде әртүрлі пән оқимыз, осы тұста өзгешелік бар. Оған қоса, бізде сабаққа қатысуға еш мән берілмейтін. Ал Қазақстанда бұл жағынан қатал. Швецияда тек бір пәнді терең оқуға мән беріледі», – деді студент Сара Эркмар (Швеция)
Қазақстанда тіпті АҚШ, Франция, Швеция және Нигериядан келген студент көп. Олар бұл елді ұнатып, емін-еркін оқуға кірісіп кеткендерін айтады.
«Мен оқытушылық құрамға мән бердім. Кәсіби білікті профессорлардың болуын қалаған едім. Қазақстанда адамдар өте мейірімді, білмегеніңді сұрасаң көмек көрсетуге ұмтылып тұрады. Қазақстанда өзіңді көрсетуің керек. Ал біздің елде тек жалпылама лекция оқылады. Біз тек оқытушыны тыңдайтын едік. Мұнда бізден сұрауға, студенттерді сөйлетуге тырысады», – деді студент Грегоар Байяр (Франция)
Шетелдік студенттерді елдегі 1000-нан аса шетелдік өндіріс орны да қызықтырады. Яғни, білім алған соң жұмысқа орналысуға да мүмкіндік бар. Қазақстанның ЖОО беретін диплом әлемнің бірнеше мемлекетінде жарамды. Тек әр ел жұмысқа қабылдар алдында біліктілікті тексереді екен.
Жадыра Омаржан, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы