|
27.02.2023 | 21:26
10376

Әріптестерге көмек: 60-қа жуық мұғалім білім сапасын арттыру мақсатында басқа өңірлерге қоныс аударды

Жоба аясында лауазымдық жалақының 250 пайыз мөлшерінде еңбекақымен қамтамасыз ету қарастырылған

Әріптестерге көмек: 60-қа жуық мұғалім білім сапасын арттыру мақсатында басқа өңірлерге қоныс аударды Almaty.tv

Қазақстанда математика, физика, химия және ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері тапшы. Аталған мамандар әсіресе Алматы, Маңғыстау, Атырау және Түркістан облысында жетіспейді. Мәселені шешу үшін Қасым-Жомарт Тоқаев «мұғалім тапшылығы бар және білім сапасы төмен өңірлерге үздік педагогтарды тарту» бағдарламасын қолға алуды тапсырған еді. Бүгінде 58 педагог қоныс аударып, қызмет ете бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мейрамгүл Тұрғанбаева қазір Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясында қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болып қызмет етеді. Осыған дейін Ақтөбедегі Дінмұхамед Қонаев атындағы білім ордасында директордың орынбасары болған. Оның айтуынша, Қонаев мектебінен Қонаев қаласына қоныс аударуды жақсылыққа жорып, отбасымен келген екен.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да студенттік шағым өтті. Алатаудың баурайында өзіме менталитеті жақын деп Алматының өңірін таңдадым. Оқу жылының басынан бастап келдік. Қазіргі таңда осы мектепте 2 мұғалім жұмыс істейміз. Математика пәнінің мұғалімі Павлодардан келді», – деді Қонаев қаласы орта мектеп-гимназиясы қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Мейрамгүл Тұрғанбаева.

Қазақстан бойынша Маңғыстау, Атырау, Түркістан және Алматы облысында мұғалім тапшы. Аталған өңірлерде 58 маман «мұғалім тапшылығы бар және білім сапасы төмен өңірлерге үздік педагогтарды тарту» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жүр. Оларға айлығының үстіне 150 пайыз жалақы қосылады. Сонымен қатар, осы мұғалімдердің біліктілік санаты көтеріледі. Қазір аталған 30 мұғалім «педагог шебері» деген атақ алыпты. 18 «зертеуші», 2 «сарапшы», өзгесі «модератор». Сонымен қатар, бұл мұғалімдерге жергілікті билік баспананы жалға алу жағынан да көмектеседі.

«Биылғы жылы осы бағдарлама өзінің жалғасын табады. Тағы да жаз айларында конкурс өтіп, іріктеу жүргізіледі. 2 мыңдай адамды осы өңірлерге жібереміз», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім беру комитетінің басқарма басшысы Айман Дүйсенбаева.

Қазіргі таңда ең қажетті мамандар – математика, ағылшын, физика, химия пәнінің мұғалімдері. Сондай-ақ бастауыш сынып ұстаздарына да сұраныс жоғары. Айта кетейін, Президент пәрмені бойынша Оқу-ағарту министрлігі «кадр тапшылығы бар немесе білім сапасы салыстырмалы түрде төмен аймақтарға үздік мұғалімдерді тарту үшін арнайы бағдарлама» әзірлеген болатын. Жоба аясында лауазымдық жалақының 250 пайыз мөлшерінде еңбекақымен қамтамасыз ету қарастырылған. Конкурстан өткен мұғалімдермен еңбек шарты 5 жылға жасалады. Қоныс аударған мұғалімдердің балаларына балабақша мен орта мектептен орын беріледі.

Өмір Серікбекұлы, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир