Бүгін еліміздің ұстаздар қауымы жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарына байланысты бірінші рет педагогикалық кеңес өткізді. Әр қалада ұйымдастырылған жиын онлайн форматта жүргізілді. Мектеп директорлары ұжымдағы мұғалімдерге қашықтан оқудың қыр-сырын түсіндіріп, биылғы оқу үдерісі қалай жүзеге асатынын талқылады. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатсын.
Жаңа оқу жылына қатысты сұрақтарды талқылау үшін бүгін елімізде ұстаздар кеңесі өтті. Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан №54 мектеп-лицейінің мұғалімдері де кеңес ұйымдастырып, оқу жылында атқарылатын бірқатар мәселелерді талқылады. Биыл бұл мектепте 2800-ден астам оқушы білім алмақ. Бірақ қыркүйекте сөмке асынып сабаққа баратын балалар енді үйде отырып қашықтан білім алатын болады. Бұл форматқа 5-11-сынып аралығындағы оқушылар көшеді. Ал бастауыш сыныптар үшін 15 оқушыдан құрылатын кезекші топтар қарастырылмақ. Бұл топтарға балаларды жіберу-жібермеуді ата-аналар өздері шешеді.
«Бұл кезекші топтарда қазіргі таңда бізде мектепке қажетті барлық белгілерді белгілеп қойдық. Қашықтық сақтап жүру болсын, соның барлығының белгілерін қойдық. Біздің мектебімізге оқушылар үш кіреберіс арқылы кіретін болады. Бұдан бөлек 5-11 сыныптар толықтай қашықтан білім алу форматында оқиды»,– деді № 54 мектеп-лицейі» КММ директоры Шәкәрім Сейсенбай
Ал, Алматыдағы №95 жалпы білім беретін мектептің табалдырығын биыл алғаш аттайтын 160 балдырған үшін кезекші топтар болмайды. Бұл мектепте 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін қашықтан оқитын болады. Сондай-ақ, мектептер оқушыларды техникалық жабдықтармен яғни компьютер, планшет, роутер сияқты құрылғылармен қамтуды қолға алған.
Қаладағы мектептер қашықтан оқыту жүйесіне дайындығын пысықтап жатыр. Мәселен мына мектеп қашықтан оқыту үшін 41 ноутбук сатып алған. Тағы 65 компьютерді алуды жоспарлап қойыпты. Сондай-ақ, 40-қа жуық планшет қайтарымсыз түрде берілетін көрінеді. мұның бәрі оқушыларға ертеңнен бастап үлектірілмек.
Осылайша №95 жалпы білім беретін мектеп 217 отбасыны компьютермен жабдықтамақ. Сонымен қатар онлайн сабақтарды Зум, Майкрасофт Тимс, Сфера сынды арнайы платформаларда өткізбек.
«Біз өткен оқу жылының төртінші тоқсанында көбіне уатсап қосымшасы арқылы байланысып сабақ берген едік. Себебі ол кезде ұстаздардың дәрістерді видео арқылы өткізуге мүмкіншіліктері болмады. Енді ұстаз да, оқушылар да бірін-бірі көріп отыру үшін осындай платформалардың маңызы арта түсті. Әсіресе бақылау жұмыстарын алған кезде таптырмайтын дүние болмақ. Өйткені мұғалім баланың тапсырмаларды өзі орындап отырғанын бақылай алады»,– деді №95 жалпы білім беретін мектептің директоры Айнұр Сабирова.
Биыл Алматы қаласы бойынша 275 мыңдай оқушы мектептерде білім алады, 30 мыңдай бала бірінші сыныпқа барады. 75 мыңнан астам отбасы мен 2 мыңдай мұғалім компьютермен қамтылады. Мұғалімдер онлайн сабақтарды қажет болған жағдайда санитария нормаларын сақтай отырып мектепке келіп сабақ жүргізуіне болады. Жалпы ұстаздар қауымы қашықтан оқуға сақадай саймыз деп отыр.
Назкен Еркін, Асылбек Тойбек, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» арнасы