Елімізде әзірге жаңа әліпбиде жазылған оқулықтар шықпайды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. Ереже нақты бекітілмей, мектеп оқулықтары латын графикасына көшірілмейді, деді ол. Осы орайда жаңа әліпбиге көшу процесі ұзақ екенін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Бүгінде бұл бағытта тиісті жетілдіру жұмыстарын жүргізу туралы Президенттің тапсырмасы бар. Әзірге жан-жақты пысықталған әрі бекітілген нұсқасы жоқ, сондықтан 2020 жылы мектепте латын графикасындағы әліпбимен оқытылады деп айта алмаймыз. Бұл ұзақ уақытты қажет ететін процесс. Алдымен ережелерді бекіту керек, кейіннен қанатқақты жоба жүргізіледі. Тек осыдан кейін ғана біз қажетті дайындықты жүргіземіз. Осы шаралар атқарылғаннан соң, оқу-әдістемелік құралдар мен оқулықтар әзірленеді», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.
Сонымен қатар Парламент Сенатының жалпы отырысында Асхат Аймағамбетов білім саласындағы мамандар тапшылығы мәселесі туындап отырғанын жасырмады. Жылына 60 мың түлек ұстаздық мамандықты меңгеріп шыққанымен мектептерге жұмыс істеуге бармайды. Елімізде 85 жоғары оқу орны мен 75 колледж ұстаз даярлайды. Алайда білім сапасы сын көтермейді деді министр мырза.
«Мысалы, ең жақсы бітірген түлектердің бүгінгі күні тек қана жартысы университеттерге барып жатыр. Бұл - бір. «Алтын белгіні» алған біздің түлектердің тек 12 пайызы ғана педагогикалық мамандықтарды таңдап жатыр. Ол - екі! Бүгінгі күні осы педагогикалық мамандықтарға барып жатқан балалардың 70-80 пайызының шекті балдары 50-60 балл. Ең төменгі балды алғандар бүгінгі күні өкінішке орай осы педагогикалық мамандықтарға барып жатыр», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.