Еліміздің барлық облысы мен қалаларынан 241 спортшы қатысқан додада Алматы спортшылары командалық есепте бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сегіз жасар Нұрболхан – таэквондодан балалар арасындағы ел чемпионы. Бүлдіршін қазірден бастап биік белестерді бағындыруды армандайды. Жаттығу залына ағасымен бірге осыдан төрт жыл бұрын еріп келген. Бүгінде қаламызда аталған спорт түрімен айналысуға барлық жағдай жасалған. Шаһарда 100-ге тарта спорт клубы жұмыс істейді. Онда аға буын өкілдері көрген-түйгендерімен бөліседі. Олардың қатарында жасы 70-ке жақындап қалған Дихан Ахаев та бар.
«Менің түсінігімше жастарды тәрбиелеу үшін алдымен өзіңді тәрбиелеуің керек. Өзің мықты болсаң, жастар мықты болады. Менде бесінші дан, қара белбеу бар. Келесі жылы тағы да Азия чемпионатына, Әлем чемпионатына қатысамыз деп үміттенемін», - деді «Мұстафа Өзтүрік – Бексейіт Түлкиев» республикалық қоғамдық қорының президенті Дихан АХАЕВ.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл". Осының арқасында болар қарашаның соңында Нұр-сұлтан қаласында өткен Қазақстан кубогында Алматы құрамасы командалық есепте жеңіс тұғырына көтерілді. Ендігі мақсат Азия чемпионатында ел намысын шаһар құрамасы қорғамақ.
«Аламан келер жылы тағы өтеді. Азия чемпионаты келесі Олимпиада ойындарына рейтингтік ұпай жинайды.Оның өзінің белгілі ұпайлары болса, Әлем чемпионатында одан жоғары болады. Сол сияқты турнирлерге байланысты. Содан кейін Олимпиада ойындарына іріктеліп алынады», - деді Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Мұрат ТЕМІРӘЛИЕВ.
Жақында ғана қалалық федерацияның жаңа президенті болып Бақтияр Өнербаев сайланды. Енді алда жаңа белестер мен жаңа мақсаттар тұр дейді. Осы орайда спортшылардың ата-аналары да, мекеменің бағындырар асулары айқын екенідігін айтады.
«Осы жігіт келгелі балалардың да, бапкерлердің де көңіл-күйі жақсы. Менің ұлым 2018 Қазақстан чемпионы болған. Жақсы байланыс. Осы жаттықтырушылармен кездесіп, ақылдасып тұрамыз, рақмет", - деді ата-ана Самат САТЫБАЛДИЕВ.
Бүгінде Алматы қаласында Шығыс жекпе-жегімен айналысатындардың саны 5000-нан асып жығылады. Аталған спортта бойдағы рух, ұлттық намыстың болуы міндетті. Осы ретте қалалық федерация спортшылардың кәсіби деңгейін көтеріп қана қоймай, рухани байлағында жетілдіруді қолға алып отыр.
Арнат Дүйсен, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы