Бүгінгі балаларды итеративті 5-7 минуттық қысқа сабақтар арқылы оқыту керек
Оқушыларға білім беруде халық арасында көп қолданылатын әлеуметтік желілерді пайдалану керек. Бұл «SABAQ.ONLINE» платформасының негізін қалаушы Бөгенбай Серікбайдың ұсынысы. Оның сөзінше, онлайн оқыту білім сапасын төмендетіп жіберді. Жауапты министрлік кеткен олқылықтың орнын қалай толтырмақшы? Бұл сұрақтың жауабын Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай іздеп көрді.
Қазақстан оқушылары карантинге байланысты шектеулер сәл азайып бірер ай кезекші сыныпқа барғанын қоспағанда биылғы оқу жылын түгел қашықтан оқыды. Осы тұста мамандар қашықтан оқыту білім сапасына кері әсер еткенін жасырмайды.
«Әрине, олқылықтар бар. Бірақ біз оны айта бермейміз. Өйткені 6,7,8 ,10 сыныптар бір оқу жылы бойы мектепке барған жоқ. Бұл жерде көп дүниелер ескеріле бермейді. Мысалы, қашықтан оқыту жүйесі болмай тұрып, дәстүрлі форматта оқып жүрген кезде де түсінбей қалатын тақырыптар көп болатын. Соның барлығын оқушы мұғалімнен сұрап алатын еді. Ал дәл қазіргі кезде олай кері байланыс жасау мүмкін емес деуге де болады», ‒ деді ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова.
Балалардың сабақты түсінбей қалуы тек қашықтан оқыту кезінде ғана емес, оған дейін де болған. Осы ретте, білім беру сапасын жүйелендіру керек деген Бөгенбай Серікбай әр баламен жеке жұмыс істеу керек дейді. Яғни, сыныптағы 20 оқушыға бір тапсырма берген дұрыс емес.
«Қазіргі балалар тик-ток пен инстаграмда отырады. Олардың назарын сабақты қызықты етіп аудару керек. Баланың назарын бір уақытта, бір жерге бағыттап ұзақ уақыт ұстай алмайсыз. Бір-екі сағат бойы баланы қызықтыру деген, тіпті, мүмкін емес деп айтуға болады», ‒ деді «SABAQ.ONLINE» платформасының негізін қалаушы Бөгенбай Серікбай.
Парламент Cенатының депутаты Нұртөре Жүсіп оқушыға білім беруде ата-ананың орны ерекше дейді. Себебі ата-ананың қадағалауында болған баланың сабақ үлгерімі де жақсы болады.
«Енді қалай болғанда да білім алу ‒ балаға міндет. Ата-ана да баласына білім беруге міндетті. Енді оны қандай жолмен қалай жасайды, ол әрбір ата-ананың өзінің құқығы мен еркіне байланысты деп ойлаймын. Мәселен, менің немерем де осы онлайн форматтағы жағдайда оқыды. Бірақ, әжесі сол бастауыш мектептің мұғалімі болатын. Сол әжесі күндіз-түні қасынан шықпай оқытып отыр», ‒ деді ҚР Парламенті Cенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.
«Онлайн білім беруде 5 қағидамыз бар. Біріншісі ‒ білім итеративті болуы керек. Бұл дегеніміз ‒ жеке-жеке бөліктерге бөлінген 5-7 минуттық қысқа сабақтар арқылы оқытатын әдістемелік оқыту жүйесі. Екіншісі ‒ сол қысқа сабақтарды бекітуге әр баланың жеке траекториясы, бағыты болғаны дұрыс. Үшіншісі ‒ мұғалімнің харизмасы. Мұғалім бірсарында емес, мінезімен баурап ала алатын білікті маман болу керек. Төртіншісі ‒ қадағалау. Балаға еркіндікпен қатар дисциплинарлық бақылау да керек», ‒ деді «SABAQ.ONLINE» платформасының негізін қалаушы Бөгенбай Серікбай.
Әлемді әбігерге салған коронавирус білім саласына басқаша көзқараспен қарау керек екенін ұқтырды. Бірақ елдегі жүйе ‒ әлемдік трендтерге сәйкес қайта қаралуы қажет дейді сарапшылар.