Қазақстандық оқушылар арасында қаржылық сауаттылықтан олимпиада өткізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Биыл жыл басынан бері елдегі 300-ге жуық мектеп пен 34 жоғары оқу орнының, 40 колледждің 17 мың шәкірті қаржылық сауаттылық бойынша дәріс алған. Қаржы мониторингі агенттігінің мамандары осындай іс-шаралар арқылы үлкен өмірге қадам басатын жас қазақстандықтардың экономикалық және қаржылық қауіпсіздік саласында қажетті тәжірибе жинайтынын айтады. Ал олимпиадаға 5-11сынып арасындағы оқушылар қатыса алады.
«Биылғы оқу жылынан бастап еліміздің бірқатар өңірінде оқушылар арасында қаржылық қауіпсіздіктен пилоттық олимпиада өткізу туралы келісім бар. Оны дайындауға халықаралық жоғары оқу орындары мен агенттік өкілдері атсалысты. Келер жылы қаржылық сауаттылық бойынша сабақ өткіземіз. Олимпиаданы ұйымдастыру ұсынысын Оқу-ағарту министрлігінің ғылыми сараптамасы оң бағалап, мақұлдап отыр», – деді ҚР Қаржы мониторингі агенттігі кадр жұмысы департаментінің директоры Нұрлан Адалиев.