Балалардан ПТР мен антиденеге тестіні талап етуге ешкімнің құқығы жоқ! Мектеп пен спорттық мекемелерге баратын оқушылардан коронавируске сынама сұрау негізсіз. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте еліміздің Бас санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова дәл осылай деді. Оның сөзіне қарағанда ПТР-ды тек білім алушыда қандай да бір белгілер анықталса немесе олар ауырған адаммен байланыста болса ғана тапсыру қажет. Ал Білім және ғылыми министрі Асхат Аймағамбетовтың сөзінше, кезекші сыныптарда оқу үшін 530 мың оқушыдан өтінім келіп түскен. Осылайша білім ошақтарына әзірге еліміздегі оқушылардың тек 15 пайызы барады. Елордалық Almaty.tv тілшісі Салтанат Нысанбек толықтырып айтсын.
Ғазиза Үрметованың 4 баласының үшеуі мектеп жасында. Жаңа оқу жылында олар қашықтан оқитын болады. Себебі көпбалалы ана балаларының денсаулығы үшін алаңдайтынын айтады.
«Біздің мектепте көпбалалы аналар көп. 60-70%-ы десем, қателеспеймін. Мысалы, менің отбасымдағы 3 балам бір мектепке барады. Олардың барлығына интернет керек. Қазір мектептен көмек берілді. Интернет және компьютер. Сондықтан бұрын бір телефонға телміріп отыратынмыз. Енді қазір үлкен көмек болды», – деді қала тұрғыны Ғазиза Үрметова.
Көпбалалы ананың сөзінше, қашықтан оқу бастапқыда қиын болатын. Бірақ кейін үйренсіп кеттік дейді.
Қашықтан оқыту бойынша биыл еліміздегі оқушылардың 80%-ы оқымақ. Бұл екі миллион 600 мың бала. Қазір олар үшін арнайы сабақтар əзірленуде. Олар «Ел Арна» және «Балапан» телеарналарында көрсетілетін болады. Ал білім ошақтарындағы кезекші сыныптарда жарты миллион оқушы тәлім алмақ.
Бұл – еліміздегі барлық оқушылардың 15 пайызы. Тағы 5%-ы немесе 202 мың бала шағын жинақты мектептерде білім алмақ. Негізінен шалғай жатқан ауылдық елдімекендердің тұрғындары. Мектептерде əрқайсысы 40 минуттан болатын 4 сабақ өткізіледі.
«Бізде арнайы әдістемелік ұсыныстар бар. Олар бойынша кезекші сыныптардағы сабақтардың ұзақтығы 40 минут болуы тиіс. Сондықтан әріптестер кезекші сыныптарды бір сағатқа сыйғызуға тырысқанда, бұл кезекші сыныптарды өткізудің еш мәнісі болмайды. Мұндай сабақтар жоқ», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Мектеп пен спорттық үйірмелерге баратын балалардан ПТР мен антиденеге тест тапсыруды талап ету заңсыз дейді Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер. Оның сөзінше, ПТР тестілеу тек клиникалық және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша, яғни адамда қандай да бір белгілер болғанда ғана жүргізілетінін еске салды. Ал карантиндік шаралар жеңілдетілгеннен кейін бұның еш мәнісі жоқ дегенді жеткізді.
«Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен персонал мен келушілерге қатысты міндетті ПТР-тестілеу қарастырылмаған. Бұл – диагностикалық тест. Оған қандай да бір көрсетілімдер бар. Бүгін ПТР-тесттінің теріс нәтижесінің бары екі-үш күннен кейін оның теріс болатынына кепілдік бере алмайды. Себебі біз қоғамдық көліктерде жүреміз. Адам көп шоғырланатын орындарға барамыз», – деді ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова.
Сондықтан мектеп пен қандай да бір үйірмелерге бару үшін ПТР тестінің талап етілуі негізсіз.
1 қыркүйек күні жалпымектептік жиын болмайды. Əр сыныпта сынып сағаттары өтпек. Ал қашықтан оқитын оқушылар үшін сынып сағаты дистанциондық формата жүргізілетін болады.
Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Ботагөз Есланқызы, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан