|
22.11.2022 | 18:33
4006

Ақтөбеде 1600 бала екі ауысыммен білім алуға мәжбүр

Мектепке жапсарлас салынатын қосымша ғимараттың жобалық-сметалық құжаты дайын

Ақтөбеде 1600 бала екі ауысыммен білім алуға мәжбүр Almaty.tv

Ақтөбеде бір ғасырдан астам тарихы бар мектептің іргесін кеңейту жұмысы ұзаққа созылып кетті. №2 мектеп-гимназияға оқушылар сыймай жатыр. 900 орындық білім ошағында бүгінде 1600 бала екі ауысыммен білім алуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Мектепке жапсарлас салынатын қосымша ғимараттың жобалық-сметалық құжаты дайын. Бірақ құрылыстың не себепті басталмай жатқанын ата-аналар түсінбей дал. Бес жылдан бері мәселені айтып келе жатқан жергілікті тұрғындар аймақ басшысының алдына жете алмай жүргенін айтып қынжылады. Уәдеге әбден тойған олар облыс әкімінің мәселені жеке бақылауына алуын сұрайды.

«Спортзалдың сыйымдылығы өте төмен. Кейде 2 класс қатар дене шынықтыру сабағын өткізгенде қиындық туғызады. Әр класта 30 бала оқиды», – деді ата-ана Марат Жұмақанов

Облыстық білім басқармасындағылар құрылыс жұмыстарының кешіктірілуін қағазбастылық мәселесімен түсіндірді. Айтуларынша, жобалық-сметалық құжат, бюджеттік тапсырыс, өзге де құжаттарды әзірлеу көп уақытты қажет етеді.

«Қосымша құрылыс салу бізде жоспарлануда. 2021 жылы жобалық-сметалық құжаты әзірленген болатын. 2022 жылдың шілде айында мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынды. Енді қазір 2023 жылға қосымша құрылыс салуға  тиісті өтінімді бюджет басқармасынан жіберген болатынбыз», – деді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жеңісбек Ақбергенов.

Білім басқармасы мектепке жапсарлас салынатын қосымша ғимараттың құрылысы келер жылы басталатынын айтты. Жоба әлі кезекте тұр. Ол алдымен облыстық мәслихат сессиясында қаралуы қажет. Ал жобалық- сметалық құжаттамамен танысқан ата-аналардың айтуынша, құрылысқа шамамен 900 миллион теңгеден артық қаражат қажет.

Айман Болатқызы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы, Ақтөбе облысынан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир