Университеттер ақылы бөлімнің студентін жатақханамен қамтуға міндеттеле ме

ostrovok.ru
ostrovok.ru
Көпбалалы отбасынан шыққан студенттерге үкіметтен қолдау көрсетіледі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жоғары оқуға ақылы негізде түскен студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету университеттердің міндетіне жатпайды. Ал мемлекет грант ұсынған тегін оқитын студенттерді жатақханамен қамтуға міндеттелген, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.

 — Бізде кейінгі 40-50 жылда жиналып қалған жатақхана тапшылығы бар. Осы мәселені қабылдап алған кезде, былтыр тамыз айында 87 мың төсек орын тапшылығы болған. Үш бағытта жұмыс істеп келе жатырмыз. Бірінші бағыт — субсидия нормативтерін толыққанды өзгертіп, екі есе көтердік. Соның арқасында жеке құрылыс компанияларын, мердігерлерді белсенді тартып жатырмыз. Жоғары оқу орындарымен ұштастыратын — біздің қаржы орталығы. Үшжақты немесе екіжақты келісімшартты бір айдың ішінде ғана бекітеміз. Өте жеңілдетілген модельмен жұмыс істеп отырмыз. Негізгі тапшылық Алматы мен Астанада — 25 мыңға жуық орын жетпейді. Өңірлер арасында Ақмола, Түркістан, Солтүстік Қазақстан облыстарында тапшылық бар. Қалған өңірлердің кейбірінде тіпті профицит байқалып отыр, - дейді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Министр жатақхана тапшылығы алдағы 2-3 жылда толыққанды шешілетінін айтты.

 — Ол мәселе былай. Ақылы оқуға түскендерге университет жатақхана ұсынуға міндетті болмауы әділетсіз дегенге келісем. Бірақ мәселеге екі тұрғыдан қарау керек. Жетім балаларды, шалғай ауылдан келген мектеп түлектерін, көпбалалы отбасынан шыққан студенттерді биылдан бастап жеке санат ретінде ескеріп отырмыз. Биыл оларға ай сайын 100 мың теңге төлеп бастадық. Оған пәтер жалдай ма, жатақханадан орын жалдай ма —  өздері біледі. Ал негізі жатақханаға қол жеткізудегі әділетсіздік мәселесін жеке сектор арқылы ғана шешуге болады. Мысалы, Түркия, Индонезия сияқты елдер жатақханаларды түгел жеке меншікке берген. Ең тиімді жолы осы болады, - деді Саясат Нұрбек.

Оқи отырыңыз: Алматы қаласы бойынша 16-22 қазан аралығындағы ауа райы болжамы

Новости партнеров