Алматыда белгілі тарихшы, архивтанушы Марат Хасанаевты еске алуға арналған республикалық ғылыми іс-тәжірбиелік конференция өтті, деп хабарлады Almaty.tv.
Іс-шарада қоғам қайраткерінің ғылым жолында атқарған еңбегі мен XX ғасырдағы архив ісі туралы баяндалды. Сондай-ақ ұлттық мұрағат құжаттарын жариялаудың бүгінгі кедергілері мен оның болашағына қатысты ұсыныстар айтылды. Ұйымдастырушылар игі бастаманы жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырмақ ниетте.
– Осы архив саласының мәселесін талқылап, өзара пікір алмасатын алаң қажет. Осыдан екі жыл бұрын Марат Хасанаевтың 75 жылдығына арналған конференцияны өткізген кезде осы ұсыныс болған еді. Сол ұсынысты ескере отырып, екі жыл сайын Марат Хасанаев оқуларын өткізіп отыруды жөн деп таптық. Бүгін тұңғыш рет өткізіп отырмыз, – деді ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай.
Марат Жақсыбайұлы қазіргі орталық мемлекеттік архивін 20 жылдан астам уақыт басқарған. 1990 жылдары Қазақстан тарихындағы ақтаңдақ беттерді ашуға және мұрағат құжаттарын жариялауда сүбелі еңбек еткен қоғам қайраткері. Сонымен бірге тәуелсіз Қазақстанның архив туралы заңнамасын қалыптастыруға атсалысқан.
– Жақыпбеков Серік «Марат – 1937 жылғы қазақтың сарқыты» деп жиі айтатын. Шынында да Марат тырнағына дейін аристократ болатын. Қазақта текті деген жақсы сөз бар ғой. Мараттың әкесінің өзі де 1937 жылы Ташкенттегі мемлекеттік университетті бітірген кісі екен. Өмірінің соңына дейін мектепте директор болған, – деді М. Хасанаевтың жары Жұмақан Нұрманбетқызы.