Биыл қала әкімдігінің бастамасымен екінші жыл қатарынан дарынды, үздік мұғалімдерді анықтайтын байқау өткізіліп отыр
Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов мұғалімдердің жалақысы қашан көтерілетінін және олардың біліктігін көтеруге арналған шаралар туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
«Келесі жылдан бастап қаладағы барлық мұғалімнің жалақысы 25%-ға өседі. Ол үшін қажетті қаражат қарастырылды, сондықтан 1 қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы артады. Сондай-ақ еліміздегі мұғалімдердің біліктілігі мен мәртебесін көтеру аясында екі жылдан бері «Педагог мәртебесі» туралы заң жұмыс істеп жатыр. Оған қоса қала әкімдігі де мұғалімдердің мәртебесін көтеруге көңіл бөліп келеді. Биыл қала әкімдігінің бастамасымен екінші жыл қатарынан дарынды, үздік мұғалімдерді анықтайтын байқау өткізіліп отыр. Алматының үздік мұғалімі атанған маманға екі бөлмелі пәтер табысталады. Бірінші орынға – автокөлік, екінші және үшінші орынға ақшалай сыйлық беріледі»,– деді Қ. Жұманов.
Сондай-ақ ол келесі аптада мұғалімдер арасында өтетін «Алматы әкімінің гранты» байқауының қорытындысы шығатынын жеткізді. Онда үздік шыққан 10 мұғалімге 2 млн теңге көлемінде ақшалай сыйлық беріледі екен. Бұл шаралардың бәрі мұғалімдерді қолдауға бағытталған.
«Биыл қала мектептеріне 500-ге жуық жас маман келді. Оларды қолдау аясында еңбек ақыларына 20 АЕК көлемінде қаржы қосылады. Оған қоса мұғалімдердің біліктілігін арттыру мақсатында курстар өкізіліп тұрады. Қазір мұғалімдер үш жылда бір тегін курс өткізіп тұру тапсырмасы берілген. Сондықтан бұл курстар ҚР білім және ғылым министрлігі және Өрлеу орталықтарымен іске асырылады»,– деді ол.