|
15.02.2019 | 18:42
7502

Алматыда студенттер арасында дайын роботтарды жарыстырудан чемпионат өтті

Еліміздің 15 жоғары оқу орнының студенттері «Халық Аренада» бас қосты

Алматыда студенттер арасында дайын роботтарды жарыстырудан чемпионат өтті

Сөзден іске! Елімізде тұңғыш рет студенттер арасында құлтемір құрастырудан емес, дайын роботтарды жарыстырудан республикалық ашық чемпионат өтті. Осыған дейін додалар тек көрме ретінде ғана ұйымдастырылып келіпті. Биыл 15 командаға қойылған тапсырма бір. Тек роботты жасауда қиялға ерік беруге мүмкіндік берілген. Ал жеңіске командалық есепте көбірек ұпай жинаған команда жетпек. Тақырыпты Almaty.tv тілшісі толықтырады.

Бүгін еліміздің түкпір-түкпіріндегі 15 жоғары оқу орнының студенттері «Халық Аренада» бас қосты. Олар «Жастар жылы» аясында өткен «Robocon-2019» шарасына қатысу үшін 3 ай бұрын дайындалған. Ұйымдастырушылар жарыс әділ өтуі үшін командаларға құлтемірдің бөлшектерін сатып алуға бірдей қаржы бөлген. Олар берілген сомамен шектеліп, содан робот құрастыру керек болыпты. Тек қиялға шектеу жоқ. Ал басты мақсат – жастарды ғылымға баулып, елімізде робототехниканы дамыту.

«Әрине, бұл жерде бір өндірістік өнім күтіп жатқан жоқпыз. Ондай мақсат та жоқ. Бұл жердегі басты мақсат – балалардың робототехникаға деген қызығушылығын арттыру. Оларды осындай конкурстарға шығару арқылы осы мәселеге көңіл бөлу. Өйткені, өзіңіз қарасаңыз, Қазақстанда 170-тен астам жоғарғы оқу орны бар. Ал қазір сайысқа қатысып отырғаны 15-ақ университет. Бұл не деген сөз? 15 университетте ғана робототехникаға айналысуға жағдай жасалған деген сөз. Бірақ осы шақыру хат барлық оқу орындарына кетті», – деді Қазақстан Республикасы Тұңғыш президенті – Елбасы қоры жанындағы ғылым жөніндегі кеңестің мүшесі Жанар ТЕМІРБЕКОВА.

Бұл жолғы жарыстың шарты бойынша әр команда 2 роботтан құрастырып шығуы тиіс. Бірі автоматты түрде жұмыс істесе, ал келесісі пультпен басқарылатын болуы міндетті. Жеңіске құлтемірі шарды көбірек қалыпқа тура түсіре алған команда жетеді. Қалыптың биіктігіне қарай ұпай саны да әртүрлі қойылады.

«Негізі, біз университеттің гранттарын берсек деп ойлағанбыз. Бірақ қатысушылар басқа университетте оқығандықтан, бұл шараны қолданбадық. Дегенмен, бірінші орынға 3D-принтерін, екінші орынға үлкен квадрокоптер береміз. Үшінші орынға ноутбук беріледі. Одан басқа, біз сол университеттермен алдағы уақытта тығыз жұмыс істемекпіз», – дедіХалықаралық ақпараттық технологиялар университетінің проректоры Медет ТҰРҒАМБАЕВ.

Ал бұл жарыс басталуға санаулы сәт қалғанда роботтың бірін сындырып алған команда. Дегенмен, олардың жеңіске деген құлшынысы құлтемірді желіммен жабыстырып, додаға түсуге күш берді. Сөздерінше, құлтемірді сәндік көрме үшін құрастыру оңай. Ал іске жарамды ету үшін білім мен уақыт керек деп отыр. Әр команда туындыларын ерекше ету үшін бар жандарын салған.

Әскери институттың сарбаздары құрастырған бұл құрылғының ерекшелігі сол. Мұнда манипулятор бар. Ол кез келген затты қысып, орнына дәл қоюға көмектеседі. Сондай-ақ, өзгелерден ерекшелену үшін олар дөңгелекті шынжырдан жасаған. Бұл да өзгелерге ұқсамаудан туған тың идея.

«Әрине, кездесті. Біз лазермен кестік. Акриль деген жұмсақ материал ғой. Әр қозғалтқан сайын сынып кетіп жатты. Және әрқайсысына қатайту қойып, эксперимент ретінде үш-төрттен жасадық. Жалпы, 2,5 айда құрастырып шықтық. Соңғы үш күн қалғанда бәрін қосып, түні бойы ұйықтамай, осындай дәрежеге жеткізіп отырмыз», – дейді жарысқа қатысушы Шамиль ЖАҚСЫЛЫҚ.

Ашық чемпионатта көзге түскен командалардың студенттерін болашақта жұмысқа тұрғызу жоспарда бар дейді ұйымдастырушылар. Биыл шара нәтижелі екенін дәлелсе, демеушілер жастарды жылда қолдаймыз деп сендірді.

Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир