Алматыдағы «Білім-инновация» қыздар лицейіне Шəмшə Беркімбаеваның есімі берілді

10.10.2022 23:44

Биыл – аяулы ұстаз тірі болғанда 80 жасқа толар еді

Алматыдағы Білім-инновация қыздар лицейіне ұлағатты ұстаз Шəмшə Беркімбаеваның есімі берілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ол – біраз жыл Парламент Сенатының депутаты болды. Білім жəне ғылым министрі қызметін атқарып, еліміздің оқу саласында ауқымды реформаларды жүзеге асыру үшін сүбелі үлес қосқан. Биыл – аяулы ұстаз тірі болғанда 80 жасқа толар еді.

«Отандық білім беру жүйесін дамыту мақсатында халықаралық тәжірбиені қолдану арқылы елімізде 92-93 жылдары Қазақ-Түрік лицейлері ашылған болатын. Сол лицейлердің бірі – Алматыдағы қыздарға арналған білім-инновация лицейі», – деді «Білім-инновация» қоғамдық қорының президенті Дархан Ермаханұлы.

Салтанатты жиында мұғалімдерге арналған «Қадам» деп аталатын кітаптың тұсауы кесілді. Оқу-әдістемелік құрал «Білім-инновация» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен жарық көрген. Туынды оқушылардың білім сапасын арттыру үшін бағытталған.

«Лицейге Шәмшә апайдың аты берілгеніне қуаныштымын. Бұл біздің мектебіміздің тарихыныдағы өте үлкен, маңызды шара. Біздің осы мектепте оқып жатқан қыздарымыз да Шәмшә апайымыз секілді үлкен қайраткер болады деген сенімдеміз», – деді Ш. Беркімбаева атындағы білім-инновация қыздар лицейінің оқушысы Ажарлы Бақтыбай.