Жылдың үздік мұғалімі: Алматы облысының әкімі жеңімпазға автокөлік кілтін табыс етті

09.10.2023 23:46

Өңірде 35 мыңнан астам педагог қызмет етеді

Almaty.tv

Алматы облысында «Жылдың үздік мұғалімі» анықталды. Жеңімпазға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев автокөлік кілтін табыс етті. Өңір басшысы ұстаздар күніне байланысты білікті педагогтардың басын қосып, еңбектері мен қоғамның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мерекелік іс-шарада өз жұмысында ерекше еңбек сіңірген ұстаздар марапатталды. Атап айтар болсақ, 5 педагог «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, 20 педагог «Еңбек ардагері» медалімен және тағы бірқатар ұстаз облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен», Алғыс хаттарымен марапатталды. Ал «Жылдың үздік мұғалімі» байқауына әр өңірден келген 17 кәсіби білікті маман қатысқандықтан, мықтысын таңдау оңайға соқпаған.

– Мұғалімдер облыстық байқауда екі күн сабақ береді. Облыстық комиссия мүшелері олардың сабағына қатысып, талдау жасайды.  Бірнеше республикалық байқаудағы жетістігі, еңбегінің нәтижесі ескеріліп, үздіктер арқылы анықталады, – деді Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева.

Шығармашылықпен жұмыс істейтін, өзіндік жаңашыл идеясы бар, кәсіби білікті мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылған байқауды жыл сайын өткізу дәстүрге айналған. Сайыста жүлделі бірінші орынды Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылындағы №1 мектеп лицейінің математика пәні мұғалімі Айтқажы Тақылбек жеңіп, темір тұлпардың иесі атанды.

– Жыл сайын тәжірибелі, озық мұғалімдер, ұлағатты ұстаздар осы байқауға қатысуға асығады, олар тәжірибе алмасады. Менің де байқауға қатысу арманым болған. Байқауға білікті мамандар қатысты, – деді  «Жылдың үздік мұғалімі - 2023» байқауының жеңімпазы Айтқажы Тақылбек.

Жиын барысында «Жылдың үздік сынып жетекшісі», «Үздік балабақша», «Үздік білім беру ұйымы» да белгілі болды. Жеңімпаздардың барлығына қомақты ақшалай сыйлық табысталды. Сондай-ақ ардагер ұстаздарға құрмет көрсетілді.

– Ұстаздықтың жемісі – шәкірттерінің бағалауында деп білемін. Егер әрбір шәкірттің жүрегінен орын алсақ, содан артық құрмет жоқ. Жас мұғалімдерге ізденімпаз болыңдар, еңбек етуден жалықпаңдар деймін. Сондай-ақ бәрі шәкірттері сағынып тұратын ұстаз болсын деп тілеймін, – деді ардагер ұстаз Ұмсынай Әбілқайырқызы.

Өңірде бүгінгі таңда 35 мыңнан астам педагог қызмет етеді. Жыл сайын мемлекеттік бюджеттен мұғалімдердің біліктілігін арттырып, білім беруді дамытуға бөлінетін қаражат артып келеді. 2023 жылы осы бағытқа 394 млрд теңге бөлініпті. Бұл облыстық бюджеттің 45 пайызын құрайды.

Жансая Олжабек, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы