Бас прокуратура сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын жеткізді
Астанада құрылыс компаниясынан ақшасын қайтара алмай жүрген 80-ге жуық азамат Бас прокуратураның алдына жиналды. Жергілікті биліктен қайыр болмаған соң осында келдік деген наразы топ, мердігерден маңдай термен тапқан тиынын қайтаруды талап етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Астанадағы тұрғын үй кешенінің құрылысы үш жылдан бері салынып келеді. 2020 жылы мердігердің сөзіне сенген 80-ге жуық адам пәтер құнын толық төлеп қойған. «Тірнектеп жиған ақшамызды бердік» деген үлескерлер компания уәдесінде тұрмай келеді деп налиды. Соның салдарынан кейбірі пәтер жалдап келсе, енді бірі жертөледе тұрып жатыр.
– Құрылысты аяқтаймыз деп уәде берген. Бірақ орындап жатқанын көрмедік. Есігінің алдында 1-2 жұмысшы жүреді, – деді қала тұрғыны Сайлаухан Нұрымбетова.
Амалы таусылған тұрғындар Бас прокуратураға бірінші рет келіп тұрған жоқ. Осыдан 4 ай бұрын да құзырлы орган өкілдерінің қабылдауында болған. Содан бері нәтиже жоқ. Прокуратураға жүгінбес бұрын әкімдік пен Полиция департаментіне де шағымданған. Алайда мердігер түрлі сылтау айтып, құрылысты аяқтаймын деуден жалықпайтын көрінеді.
– Құрылыс компаниясының басшысы жағдайының қиын екенін айтып, түрлі сылтау ойлап табады. Бірақ өзінің элиталы көлікпен жүргенін көрдік. Бұл әділетсіздік қой. Құрылыс алаңында 3-4 адам жұмыс істеп жатқандай болады. Бірақ еш нәтиже жоқ. Бүгінгі кездесуден оң нәтиже болады деп күтеміз, – деді қала тұрғыны Эльмира Қоңырбаева.
Жиналғандардың көбі пәтердің құнын толық төлеген. Олар 15-19 миллион теңгенің арасында қаржы салған. Аузы күйген жандардың саны 80-ге жуықтайды. Бүгінгі кездесуден соң сең қозғалғандай. Бас прокуратура сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын жеткізді.
– Бас прокуратураға бүгін келген барлық азамат қабылданды. Оларға «Қазанат 2» тұрғын үйінің құрылысшыларына қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы, яғни алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тексеру жүргізіліп жатқаны жеткізілді. Қылмыстық істі Астана қаласының Полиция департаменті тергейді. Тергеу барысын прокуратура бақылап отырады, – деді ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі Дархан Дүйсембай.
Аталған тұрғын үй кешенінің салымшылары үйін 3 жылдан бері ала алмай жүр. Әділдікке қол жеткіземіз деп талай рет шағым айтқан олардың соңғы үміті – Бас прокуратура.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Алматыда жатақхана мәселесі қалай шешіліп жатыр