|
16.08.2024 | 18:49
133

Digital Kazakhstan: TopIQ.kz жобасы қолданысқа енгізіледі

Алматыда педагогтердің саммиті өтті

Digital Kazakhstan: TopIQ.kz жобасы қолданысқа енгізіледі Almaty.tv

Алматыда «Digital Kazakhstan: жаңа замандағы білім беру» деген атаумен педагогтердің саммиті өтті. Жаңа оқу жылының қарсаңында ұйымдастырылған іс-шараға 2 жарым мыңнан астам ұстаз бен қазақстандық, сондай-ақ шетелдік сарапшылар қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жиында білім беру саласында цифрлық технологияларды қолдану, дәстүрлі жүйеге тың инновацияларды енгізу сынды бірқатар маңызды мәселе талқыланып, оны жан-жақты дамыту жайы сөз болды. Сондай-ақ оқушылар мен мұғалімдердің киберқауіпсіздігі мәселесі қаралды. Цифрлық технологиялар саласындағы жетекші мамандар болса, жинақтаған тәжірибесін бөлісті. Ал басқосуда сөз алған шаһар басшысы Ерболат Досаев әлемдік білім беру жүйесінің дамуын айқындайтын басым бағыттарға тоқталып, Алматыда бұл салада шешімін тапқан оң бастамаларды атап көрсетті.  

– Алматыда цифрландыру арқылы білім беру мазмұнын айтарлықтай өзгертетін және жақсартатын бірқатар жобалар іске асырылуда. Kitap.kz жобасы қала мектептерінің оқушылары мен мұғалімдерге электронды және аудио форматтағы 6000-нан астам көркем әдебиет туындыларына қолжетімділікті қамтамасыз ететін бірегей цифрлық кітапхана ретінде өзін дәлелдеді, – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Сондай-ақ қала әкімі TopIQ.kz жобасының қолданысқа енгізілгенін де атап өтті. Енді цифрлық оқулықтардың көмегімен оқушылар жаңартылатын ақпаратқа жылдам қол жеткізе алады. Тіпті жоба оқу материалын түсінуді оңтайландыратын интерактивті элементтерді қамтыған. Сонымен қатар биыл мектептерде практикалық және теориялық есептерді шешу үшін интерактивті мазмұны бар 168 жаңа модификация кабинеті пайдалануға берілгені сөз болды. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін де жағдайдың жасалып жатқаны айтылып, былтыр 207 мектептің қызметкерлері Швеция, Финляндия, Ұлыбритания, Сингапур сынды мемлекеттерде тәжірибеден өткені белгілі болды. Педагогтердің кәсіби деңгейін арттыруға, пікір алмасуға бағытталған саммит білім беру саласын дамытуға үлес қосқан мамандарды марапаттау рәсімімен аяқталды.

– Ағылшын тілі сабағында цифрлық кітаптарды көп қолданамыз. Себебі ағылшын тілінде еркін сөйлей алатындай балалардың ауыз екі тілін дамыту керек. Оқушылар видеоматериалдарды көру арқылы тақырыптарына байланысты жұмыс істейді. Видеоматериалды көріп, одан кейін ойын айтып, сонымен қатар жоба ұсынады, – деді №200 мектеп-гимназиясының ағылшын тілі пәні мұғалімі Айгүл Ишанғалиева.

Оқи отырыңыз: Алматы мектептерінде виртуалды репетитор пайда болуы мүмкін

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир