Бүгін Алматы қаласы мен Алматы облысының оқушыларына 1000 су жаңа ноутбук таратылды. Игі шараға «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қоры мұрындық болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тұрмысы төмен және көпбалалы отбасынан шыққан балалаға берілген техника еліміздегі карантиндік ахуалдан кейін кері қайтарылмайды. Демеушілік көрсетіп отырған қор басшысы балалардың білімін арттыруға көңіл бөлудің маңызын атап өтті.
«Білімді ұрпақ – ел болашағы» дейді ғой. Осы білімді ұрпаққа бір атсалысу. Осы акциямыз балалардың болашағына, жарқын болашағына деген сеніммен көмектесіп отырған жайымыз бар», – деді «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорының директоры Қасым Қасабеков.
Ал қалалық білім басқармасының басшысы әлемді жайлаған індетке байланысты жаңа оқу жылында қашықтан оқитын оқушылар үшін көрсетілген көмектің зор болғандығын айтуда.
«Бұл қазіргі кезеңде, қашықтан оқыту форматы кезінде оқушылар үшін де, отбасы үшін де үлкен көмек деп ойлаймын және де балалардың сапалы білім алуына өзінің нәтижесін береді. Осындай үлкен игі іс атқарып отырған «Салиқалы ұрпақ» қоғамдық қорына Алматы қаласы Білім басқармасының атынан, әкімдігінің атынан, жалпы мектеп оқушыларының атынан үлкен алғысымды білдіргім келеді», – деді қалалық Білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.