Қытайлық жоғары оқу орындарында білім алғысы келетін жастарға грант саны артуы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазірдің өзі көрші елдің білім ордаларында 4 мыңнан астам қаракөз білім алып жатыр. Бұдан бөлек, Қазақстан Қытай нарығына сапалы ет өнімдері мен дәнді дақылдар экспортын ұлғайтады. Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай төрағасы Си Цзиньпин екеуі бірнеше бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Олардың арасында партияаралық, мемлекетаралық, ведомствоаралық және коммерциялық құжаттар бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин 30-дан астам құжатқа қол қойды. Кеңейтілген және шағын құраммен келіссөз жасасып болған соң, қос басшы арнайы брифинг өткізіп, уағдаластықтар туралы айтып берді. Біздің Президент Қазақстан Қытай компаниялары үшін қолайлы жағдай жасауға дайын екенін жеткізді. Осы күні құны 14,5 миллиард доллар болатын 45 жоба жүзеге асуда. Жалпы Қытай капиталының үлесі бар кәсіпорындар саны бізде 4 мың 700-ден асады. Сонымен қатар қазір Қазақстанда мұнай-химия зауыттары салынып, Шымкенттегі мұнай өндеу зауытын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Қазақстан – Қытай мұнай құбырының өткізу мүмкіндігін ұлғайту шаралары қолға алынды. Көп ұзамай бұл жобалар экономикамызға үлес қоса бастайды. Ал теміржол арқылы тасымалданатын жүк көлемі 22 пайызға артып, былтыр 28 миллион тоннаға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш»,– деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Си Цзиньпин Қазақстан орта держава ретінде рөлі артып келетінін айтты. Мәртебелі мейман Ақордада өткен келіссөздерді жоғары бағалады. Си Цзиньпин Қазақстанның БРИКС-ке кіруін қолдайтынын да жеткізіп, еліміздің жаһандық басқару ісіне лайықты үлес қоса алатынына сенім білдірді.
«Бір белдеу, бір жол»бастамасы аясында жоғары деңгейдегі ынтымақтастықты жалғастыра береміз. Қысқа мерзім ішінде тауар айналымын екі есе ұлғайту жөнінде жаңа міндет қойылды. Біз сауда және экономика, инвестиция, индустрияландыру, көлік және энергетика сияқты салалардағы байланысымызды ұдайы нығайту жөнінде уағдаластық. Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен елдеріміз арасындағы үшінші трансшекаралық темір жол құрылысын жеделдетеміз», – деді Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен бірігіп, көлік-логистика саласындағы ықпалдастықты жандандыру қажет дейді. Сөзін қорытындылай келе Қазақ басшысы бүгінгі келіссөз нәтижелерін жоғары бағалайтынын мәлімдеді. Ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне, яғни, «алтын отыз жылдығына» аяқ бастық деген Қасым-Жомарт Тоқаев жасалған әрбір келісім екі елдің тұрақты әрі қауіпсіз дамуын қамтамасыз ететініне сенім білдірді.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Мәдениет және өнер университеттері арасында Президенттік шәкіртақы бөлінеді