Алматыда «WorldSkills Almaty-2022» өңірлік чемпионаты өтіп жатыр

12.05.2022 00:05

Чемпионатқа 51 құзыреттілік бойынша 350-ден астам жас мамандар қатысады

Almaty.tv

Алматыда «WorldSkills Almaty-2022» өңірлік чемпионаты басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Білімді ұлт «Сапалы білім беру» ұлттық жобасын іске асыру аясында жұмысшы мамандықтарды танымал ету және «WorldSkills Kazakhstan» ұлттық қозғалысын қолдау мақсатында 2022 жылғы 11- 20 мамыр аралығында қала колледждерінің алаңдарында «WorldSkills Almaty-2022» аймақтық чемпионаты өтеді.

Жарыстың ашылу салтанатына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова қатысты. Чемпионат жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруға, тәжірибе алмасуға және қатысушылардың құзыретін кеңейтуге бағытталған.

«2015 жылдан бастап Қазақстан WorldSkills International халықаралық қозғалысының алған кәсіби дағдыларын көрсететін жарыстардың мүшесі және белсенді қатысушысы болып табылады. 21 колледж базасында өтетін чемпионат алаңдары сіздер үшін кәсіптік бағдар беру және болашақ мамандықты таңдау мақсатында ашық болады», – деді Әсем Нүсіпова.

Чемпионатқа 51 құзыреттілік бойынша 350-ден астам жас мамандар қатысады. WorldSkills Almaty аясында Abilympics және DeafSkills чемпионаттары қатар өтетін болады, онда ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттер өздерінің бірегей таланттарын ашады.

WorldSkills Almaty-2022 жарыстары WorldSkills International халықаралық чемпионатына қатысу үшін үздіктерді анықтауға мүмкіндік береді.

Айта кетерлігі, Алматыда 182 мыңнан астам студент білім алатын 36 жоғары оқу орны бар. Қалада жалпы контингенті 73 719 студент болатын 83 колледж (23 – мемлекеттік және 60 жеке) жұмыс істейді. Техникалық және кәсіптік оқыту ұйымдарында кадрлар даярлау 99 мамандық және 165 біліктілік бойынша жүзеге асырылады.

2022 жылы колледжде білім алушыларды қабылдауға мемлекеттік білім беру тапсырысы 3500 орынға – 11405-тен 14900 орынға дейін ұлғайтылды.