|
08.09.2023 | 19:07
3956

Қызылқайрат ауылының оқушылары көрші ауылда оқуға мәжбүр

Білім бөлімінің басшысы автобус қарастыратынын айтты

Қызылқайрат ауылының оқушылары көрші ауылда оқуға мәжбүр Almaty.tv

«Жетпіс оқушы мектепке сыймай қалған». Осылай деп шағым айтқан Алматы облысы Қызылқайрат ауылының тұрғындары» жергілікті білім ордасында орын жоқ» дейді. Сондықтан амалсыз алыстағы көрші ауылға баруға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Мектептен мақұрым қалдық» деген дүйім жұрт баласын сабаққа жібермей, көшеге шықты. Алыстағы ауылға оқушы тасып әлек болған халық білім алуға жағдай жасалмағанына наразы.

– Қызылқайрат мектебінде үш ауысыммен оқимыз. Ол жерде бала тым көп, бізді қабылдамайды, – деді Қызылқайрат ауылының тұрғыны Жадыра Тоқтасымова.

– Ақдалаға баратын жолда өзен бар. Былтыр кішкентай бала суға ағып кетті. Жол қауіпті, – деді Қызылқайрат ауылының тұрғыны Қасымхан Тікебаева.

Алпысты алқымдаған Асқар ақсақал алты шақырымды артқа тастап, мектепке немересін тасиды. Басқа амалы жоқ қария велосипедтен құлап қалатын көрінеді.

– Қыста қалай тасимыз, жаяу қатынайтын болармыз? Бала сабақ оқуы керек қой, – деді Қызылқайрат ауылының тұрғыны Асқар Ахметов.

Талай жерге бала тасып, "тар жол, тайғақ кешуді" бастан өткеріп жатқан тұрғындар таксиге де шығындалған. Ал ауылдың астаң-кестең жолын көрген автобус елдімекенге кірмейтін көрінеді. Көп ішіне кешігіп келген ақжағалылар алқымынан алған сауалға толық жауап бере алмады.

– 2024-2025 жылдары 900 балаға арналған мектеп салу жоспарда бар. Жер дайын, жоба жасау үшін ауданнан қаражат сұрап, өтінім бердік, – деді Алатау ауылдық округі әкімі Азамат Сейітов.

– Қызылқайрат ауылы – мектебі бар елдімекен. Қазір 940 орындық мектепте  1700 оқушы оқиды. Ол жерде ешқандай үш ауысым жоқ, балалар екі ауысыммен оқып жатыр. Ата-аналар арасында өз еркімен №44 мектепте оқытып жатқандар бар. Қазір 60 баланы қабылдауға мүмкіндік бар, – деді Талғар ауданы білім бөлімінің сектор меңгерушісі Рүстем Мыңбаев.

Білім бөлімінің басшысы балалардың мектепке барып жүрген жолын көзбен көріп, сөзбен уәде берді. Оның айтуынша, ауыл арасы 3 шақырымнан асқандықтан, автобус қарастырылады. Ал 9 мың тұрғыны бар Қызылқайрат ауылының басшысы жаңа мектеп салынатынын айтып, уәде берді.

Әлібек Шынтемір, Руслан Сүлеймен «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир