Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде виртуалды зертхананың ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Студенттерге арналған игі жоба жоғары оқу орны мен Қазақстандағы Porsche автокөлігінің ресми импорттаушысы арасындағы ынтымақтастық негізінде жүзеге асырылған. Автокөлік брендінің өкілдері білім мен мәдениетті қолдау Porsche-тың ежелден келе жатқан дәстүрі екенін атап өтті.
Жаңа зертханада оқу ордасының «Технологиялық машиналар және көлік» кафедрасының студенттері машина жасау технологиясын зерттеуді бастап кеткен. Білім алушылар виртуалды көзілдірік тағып, Porsche автокөліктерін үлгі ретінде пайдалана отырып, автомобильді жасау процесін бақылай алады.
– VR зертханасында алдыңғы жылы сабақ өттік. Виртуалды көзілдірік киіп, Porsche көлігін құрастырдық. Тәжірибе жинау арқылы елдің дамуына үлес қосады деп ойлаймын, – деді студент Рақым Әкімжан.
Келешек жастардың қолында деген ұстаздар білім беруде озық технологияны тиімді пайдалану заман талабы екенін айтты. Сондықтан серіктестікке келісіп, студенттердің білікті маман болып қалыптасуына септігін тигізген Porsche көлік брендінің Қазақстандағы ресми импорттаушысына алғысын білдірді.
– Осы компаниялармен қарым-қатынасты нығайтсақ, студенттер үшін пайдалы. Осы мақсат та зертхана ашып жатырмыз, – деді Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ энергетика және машина жасау институтының директоры Қасым Елемесов.
Ынтымақтастық аясында университет неміс компаниясымен тұрақты түрде семинарлар мен ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізеді. Ал Porsche автокөлігінің ресми импорттаушы компаниясының директоры ынтымақтастық қарым-қатынасты жалғастыра беретінін айтты.
– Осы проект бойынша студенттердің оқу процесін жақсартуға үлес қосып жатырмыз, өте қуаныштымыз! Бұл – Porsche брендінің бұрыннан келе жатқан принципі. Біз әрдайым инновацияны қолдаймыз. Қазақстандық студенттердің білімін арттырғымыз келеді. Осы университетпен ұзақ мерзімді меморандум аясында алматылық студенттердің білімін жетілдіріп, технологияның дамуына қосатын үлесіміз көп деп ойлаймын, – деді Porsche center Almaty директоры Гаухар Ғабдрахимова
Ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың белгісі ретінде университет ғимаратына Porsche бренді ұсынған спорттық көліктің макеті қойылды. Ұстаздар «арман қуған жастар үшін шабыт болмақ» дейді.
Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы