250 адамнан аз тұратын елдімекендерге кеңжолақты интернет жүйесін тарту мәселесі қаралуда
Үйінде интернеті жоқ ауыл оқушылары мектепке баратын болады. Бұл туралы бүгін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, қазір министрлікпен 250 адамнан аз тұратын елдімекендерге кеңжолақты интернет жүйесін тарту мәселесі қаралуда. Ұлттық экономика министрлігі мен облыс әкімдіктерімен талдау да жүргізілген. Әзірге осындай 243 елдімекен таңдалып отыр. Олардағы мәселе алдағы үш жылда шешілмек.
«Оқушыларды интернетпен қамту мәселесі бірнеше мәрте көтерілді. Бұл реттегі сауалдар қойылған. Біздің министрлік Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп жұмыс атқарды. Интернетпен қамтылмаған мектептер мен интернеті жоқ елдімекендердің оқушылары қалыпты режимде оқитын болады», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко.
Брифингте ұялы байланыс операторларына бірінші қыркүйек қарсаңында, яғни қашықтықтан оқыту басталарда тарифтің қымбаттап кету себебін «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев нарықтағы бәсекелестікпен байланыстырды.
«Білім» тарифы білім беру ресурстарымен қолдануға мүмкіндік береді. Онда әлеуметтік желілерге кіре алмайтынын да ескеру қажет. Біз тегін қолжетімділік бере алмаймыз», – деді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.