Қазақстанда «Келешек» ерікті жинақтаушы жүйесі іске қосылады

13.01.2024 00:16

Жүйенің жұмысын бастайтын заңнама Мәжілістің қарауында жатыр

Almaty.tv

Биыл Қазақстанда «Келешек» ерікті жинақтаушы жүйесі іске қосылады. Балаға жоғары оқу орнында білім алу үшін қажетті ақшаны жинауға мүмкіндік беретін жүйенің жұмысын бастайтын заңнама Мәжілістің қарауында жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осы жылдың бірінші жартыжылдығынан бастап халыққа бұл жаңашылдықты түсіндіру жұмыстары басталатынын айтты. «Келешек» жүйесі аясында балаға арнайы шот ашуға болады, оған мемлекет 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде білім алуға бастапқы капитал салады. Бұдан әрі оған ата-аналардың ерікті жарналары, 5-7 пайыз жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы және инвестициялық табыс есебінен қаражат жинақталады.

– Ай сайын беріп тұратын жағдайда бала жоғарғы оқу орнына түскен жасына жеткенде 3,5 миллион теңге жинақталады. Оның үстіне Ұлттық қордан жинақталған ақша қосылады, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі

Жүйені құру аясында барлық жинақтау процесін цифрландыру, толығымен ашықтықты қамтамасыз ету және тиісті модульді екінші деңгейлі банктердің қосымшаларына интеграциялау көзделіп отыр. Яғни, ата-ана жиналып жатқан ақшаның көлемін көріп отырады. Ал осы соманы жинап, бірақ бала грантқа түсетін болса, әлгі ақшаны басқа мақсатқа жұмсайды.

– Грантты жеңіп алса, ақшаны баспана алуға жұмсауға болады. Ал көпбалалы отбасы болса, іні-қарындастарына қалдыруға болады. Яғни, басқа балалардың шотына жинақталады, – деді Саясат Нұрбек.

Оқи отырыңыз: Түркістанда базарлардан кітапхана ашу жобасы қолға алынды