Еліміздің барлық өңірінде ҰБТ басталды

21.01.2021 00:22

Мектеп оқушыларының білімін сынайтын бұл бәсеке республика бойынша 5 ақпанға дейін, ал Алматы қаласында 30 қаңтарға дейін жалғасады

Бүгін еліміздің барлық өңірінде ҰБТ басталды. Мектеп оқушыларының білімін сынайтын бұл бәсеке республика бойынша 5 ақпанға дейін, ал Алматы қаласында 30 қаңтарға дейін жалғасады. Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, биылғы түлектер карантинге байланысты тестілеуді 15 лек бойынша тапсырады. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Мадина Оқас тарқатсын.

Ұлттық бірыңғай тестілеу қала бойынша 5 оқу орталығында өткізіледі. Біз солардың бірі Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіндеміз. Тестілеу таңғы 09.00-да басталған. Ал аудиторияларда карантиндік шектеулер қатаң сақталыпты. Көріп тұрғаныңыздай, жедел жәрдем және өрт сөндіру қызметі де осында. Айта кетейік, санитарлық талаптарға байланысты биыл ата-аналардың тестілеу орталығына келуіне рұқсат жоқ.

Биыл 120 мыңнан аса түлек Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға өтініш берген. Қазақстан бойынша 143 тестілеу пунктінде 1230 аудитория жұмыс істейді. Сондай-ақ, тестілеудегі тәртіптің сақталуын арнайы мониторингтік топ пен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің 403 өкілі бақылауда ұстайды.

«Биыл мектеп бітіруші түлектер алғашқы қаңтар айында өтетін ұлттық бірыңғай тестілеуін бастады. Бұрын бір күнде 800-1000-ға дейін оқушы кіретін болса, қазіргі кезеңде 200 оқушыдан аспайды. Бір аудиторияда 100-120 адам отыратын болса, эпидемиялық жағдайға байланысты 20-30 оқушыдан асырмай, арақашықтықты сақтай отырып, ҰБТ өткізіп жатырмыз», – деді ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілі Жандос Құмғанбаев.

Тест тапсыруға 240 минут беріледі. Жалпы, осы 4 сағаттың ішінде оқушылар 5 пән бойынша сұрақтарға жауап беруге тиіс. Түлектер бүгінгі емтиханда кішігірім өзгертулер бар дейді.

«Қазақстан тарихы мен математикалық сауаттылықтан 5 сұрақ азайып, өзіміздің бейім пәндер 5 сұраққа көбейді. Бүгін біз үшін өте маңызды күн болды және де өзіміз үшін ол үлкен тәжірибе. Сондықтан ол маңызды және ең жоғары жинаған ұпайына біз оқу грантына бере аламыз», – деді 11-сынып оқушысы Нұрсая Көпсекбаева.

«Жаркент қаласынан келдім. Өзім Алматыда оқымаймын және бұл жолғы ҰБТ-ның ерекшелігі өзің қай жерде тапсырғың келеді, сол жерде тапсырасың. Дайындалған сұрақтар келді және қиын емес онша. Мүмкін, дайындалған адамға қиын емес шығар», – деді 11-сынып оқушысы Сухрат Тұрғанов.

Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдан бастап ҰБТ ақылы негіздегі жоғары оқу орындларына түсу үшін жылына 4 рет өткізіледі. Келесі тестілеу наурыз, маусым және тамыз айларына жоспарланған. Ал, бүгінгі сынақ нәтижесі кешке жарияланады.

Мадина Оқас, Ескендір Тоғысбаев «Алматы» телеарнасы