Биыл Алматыда жатақхана тапшылығы азаяды

15.08.2024 00:52

Мегаполистегі 35 жоғары оқу орнында 200 мыңға жуық студент білім алады

Almaty.tv

Оқу жылы басталуға жақын. Демек, жатақхананың жыры да басталады. Республика бойынша студенттердің қоныстануына арналған 27 нысанның құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ биыл 10 жаңа жатақхана қолданысқа берілген. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі айтты, деп хабарлайды Almaty.tv

Алматыда биыл жатақхана тапшылығы азаяды. Былтыр республика бойынша 19 мыңнан астам студентке орын жетіспеген. Оның басым бөлігі – Алматының жоғары оқу орнын таңдаған жастар болды.  

– Биыл студенттерді жатақханамен қамту мәселесі білім беру қызметін іске асыратын лицензия талаптарына енгізілді. Тек қаржы ғана емес, студенттерге жайлы жағдай жасау мәселесі тұр. Сондай-ақ Алматы қаласы бойынша да жүргізіліп отырған саясатты ескере отырып, тапшылық былтырғыға қарағанда азаюуы мүмкін, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан.

Есте болса, бұған дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханасына қатысты дау шыққан. 70 жыл бұрын салынған нысанда «жайлы жағдай жоқ» деген сөз тараған. Биыл жатақханаға күрделі жөндеу жасалған. Осы аптаның аяғында жаңа күйінде қолданысқа беріледі.

– 28 мың студент болса, соның 5890 студентін орынмен қамтамасыз ете аламыз. Одан бөлек 3 жекеменшік хостелмен келісімшартқа отырдық, 1000-1500 студентті сол жатақханаларға орналастырып, қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры Сәбит Суатай.

Хостелдер әлі де жатақхананың жұмысын алмастыра береді. Оларға қойылатын талап та күшейді.

– Былтыр біздің хостелде 600 студент тұрды. Ал биыл 430 студент тұрады деп отырмыз. Түнгі сағат 24:00-ден кейін студенттердің шығуына тыйым салынады. Ал жазда шағын жөндеу жүргіземіз. Университеттермен екі жылдан бері жұмыс істеп келеміз, – деді хостел иесі Аян Көшербаев.

– Жоғары оқу орындарына жекеменшік мемлекеттік әріптестік аясында салынған жатақханалармен жұмыс атқарыңыздар деп отырмыз. Алматы қаласында тапшылық болғандықтан, ЖОО жекеменшік қонақүй, хостелдермен келісімшартқа отырған, – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайхан.

Айта кетейік, мегаполистегі 35 жоғары оқу орнында 200 мыңға жуық студент білім алады. Оның басым бөлігі – республиканың өзге өңірінен келген жастар.

Жауаптылар білім қуып келген жастар далада қалмайтынын жеткізді. Бас сауғалайтын жер таппай, баспана мәселесі шешілмеген студенттер үшін дағдарыс орталығы жұмыс істейді.

Гүлмарал Изатқызы, Ханелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы - дүниежүзілік қолөнер қаласы мәртебесін ала ма