Байқауға әлем бойынша 70 елден 2000 оқушы қатысты
Қазақстандық оқушылар әлемнің ең беделді ғылыми жобалар байқауында жүлделі орынға ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Медет пен Сағын Жұмаділдаевтар бір жарым жыл бойы инновациялық идеясын жүзеге асыру үшін ізденген. Әлемдік профессорлардың еңбегін басшылыққа алған балалар белгілі ғалым Мурдың аймақты тромино блоктарымен толтыру жайындағы әдісін өзгеше жолмен дәлелдеді. Әрі осы ғылыми жобаны бағдарламалаған жас ғалымдар әлемдік додада жүлделі екінші орынға ие болды.
– Маған ғылыми жобамды конференцияда қорғау ұнады. Шетелдегі балалармен таныстым. Бұл жерде бізде дәлелденбеген бірнеше теорема бар. Ендігі мақсат – соны дәлелдеуге тырысу, – деді жас ғалым Сағын Жұмаділдаев.
Қазақстандық оқушылар зерттеген жобаның дұрыстығы анық математикалық дәлелдермен бекітілген. Әрі жұмыстың мектеп бағдарламасына негізделген қарапайым әдісі ұсынылыпты.
– Байқау АҚШ-тың Даллас қаласында өтті. Әлем бойынша 70 елден 2000 оқушы қатысты. Бұл – әлемдегі ең үлкен ғылыми байқау болып есептеледі. Онда ғылыми ізденіске көңіл бөлінеді, – дейді ғылыми жетекші Сұлтан Рамазан.
Ағайынды математиктердің айтуынша, жүлде алған жоба әлі толық аяқталған жоқ. Әлі зерттеп, дүниежүзілік байқауда бақ сынамақ.
– Алдағы жоспар – Назарбаев университетінде ғылыммен айналысуды жалғастыру. Мен шынымды айтсам, жасанды интеллект саласында маман болғым келеді. Себебі, жасанды интеллектіде жалпы математиканы білу керек. Сонымен қатар қазақ тілі онша дамымағандықтан, телефондағы жасанды интеллектіні дамытқым келеді, – деді жас ғалым Медет Жұмаділдаев.
Дарыны мен білімі қатар ұштасқан қос ұлдың әрқайсы 4 тіл біледі. Олардың мақсаты – математика мен бағдарламалау саласында жаһандық деңгейде білім алып, отандық ғылымға үлес қосу.
Мадина Оқас, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы