Биылғы оқу жылында Алматыда 9 мың 299 түлек мектеп бітіреді, олардың 545-і «Алтын белгі» үміткері
1-10-сынып аралығындағы оқушыларға соңғы қоңырау онлайн өтеді. Бұл туралы конференциядан кейін қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева өткізген брифинг барысында мәлім болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Онда ол түлектердің санитарлық талаптар мен қауіпсіздік нормаларын сақтау туралы баяндады. Атап айтқанда, мектеп бітірушілер үшін соңғы қоңырау мектеп аумағында, ашық аспан астында өтуі керек және оған қатысатын түлектердің мектеп формасын киюі және басқа да мәселелер ерекше бақылауға алынады деді. Басқарма басшысы мектеппен қоштасу кешін өткізудегі шектеулер жайын да сөз етті.
«Жиындарға аниматорларды, мерекелік агенттіктерді, жекеменшік студияларды қатыстыруға тыйым салынады. Мектеп бітіру шарасын асыра тойлауға, мерекелік дастархандар ұйымдастыруға тыйым салынады. Қала бойынша жалға алынған көліктермен экскурсияларға шығуға тыйым салынады. Осыған қоса, мектеп шараларын ұйымдастыру барысында қосымша қаражат жинауға қатаң тыйым салынады», – деді қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат ЖЫЛҚЫБАЕВА.
Айта кету керек, биылғы оқу жылында Алматыда 9 мың 299 түлек мектеп бітіреді, олардың 545-і «Алтын белгі» үміткері. Сондай-ақ, брифинг барысында жаңа оқу жылында мектептердегі орындар тапшылығы 80 пайызға қысқаратындығы да айтылды. Яғни, алдағы уақытта 16 білім ошағы мен 23 мектепке жапсарлас салынған ғимарат қолданысқа берілмек. Олардың жалпы орны – 47 мың 463. Сонымен бірге, биыл жаз мезгілінде 6 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталып, сейсмологиялық күшейту жүргізілмек.
«Бүгінгі таңда мектептерде оқушы орнының тапшылығы шамамен 30 мың орынды құрауда. Жыл сайынғы өсіп отырған контингентті ескеретін болсақ, келесі жылы оқушы орны бұдан әрі өсуі мүмкін. Осы орайда Алматы қаласының әкімдігі тарапынан білім беру ұйымдарын қарқынды салу бағдарламасы әзірленген», – деді қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат ЖЫЛҚЫБАЕВА