|
10.09.2020 | 20:24
6038

Алматыда 66 мың колледж студенті қашықтан білім алуда

Қалада ТжКБ-ның 82 оқу орны жұмыс істейді

Алматыда 66 мың колледж студенті қашықтан білім алуда © Sputnik / Виталий Аньков

Алматы қаласы Білім Басқармасында жаңа оқу жылында техникалық және кәсіптік орта білім беру мекемелерінде оқу процесінің ұйымдастырылуы туралы айтылды. Барлық колледждер алдын-ала ақпараттандырылып, сапалы қашықтан білім беруді қамтамасыз ету үшін барлық мәселелер талданып, пысықталғаны айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қалада ТжКБ-ның 82 оқу орны жұмыс істейді, оның ішінде 22-сі мемлекеттік, 60-ы жекеменшік колледждер. Білім алушылар контингенті – 66 мың адам.

«Оқу жылының басында педагогтар саны шамамен 4025 адамды құрады. Барлық педагогтар интернетпен және компьютерлермен қамтамасыз етілген. 3700-ден астам педагог IT құзыреттіліктерді арттыру курстарынан өтті. 18 қыркүйекке дейін барлық педагогтерді IT құзыреттілік курстарынан 100% өткізу жоспарлануда», – деп хабарлады Білім Басқармасының ТжКБ бөлімінің басшысы Әсет Мұханбетов.

Барлық колледждер Paragraph.bilim, EduPage, SmartCommunity, Moodle, SmartNation, Platonus, GoogleClassroom, Kanvas сандық рлатформаға қосылған.

14 мыңнан астам сандық ресурстармен каталог құрылды. Оның ішінде 2317 бейне сабақ, 405 электрондық оқулық, 11 575 қосымша материалдар бар. Бұл каталог үнемі жаңа білім беру және әдістемелік ресурстармен толықтырылып отырады.

Оқу жылы қашықтан оқытудан басталды. Колледждерде педагогикалық, экономикалық, IT, әлеуметтік-гуманитарлық мамандықтар бойынша оқыту 100% қашықтан жүргізіледі.

Техникалық, технологиялық, аграрлық бағыттар бойынша, медицина және өнер мамандықтары бойынша теориялық сабақтар онлайн өткізіледі. Кәсіптік практикадан, өндірістік оқытудан өту басқа мерзімдерге ауыстырылады (ағымдағы оқу жылының қарашасынан бастау жоспарлануда).

Білім алушылар үшін онлайн-сабақтардың ұзақтығы 35 минуттан аспайды.

«Компьютері жоқ студенттерге бүгінде ТжКБ оқу орындарының қорынан 2127 компьютер берілді. Колледждердің үнемделген қаражаты есебінен 224 компьютерлік техника сатып алынды. Тағы 250 ноутбук сатып алу жоспарлануда», – деді Ә. Мұханбетов.

Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжінің 3 курс студенті Олжас Базарбеков колледжде оқу қашықтан жүрзіліп жатқанын атап өтті. Оқу үшін барлық мүмкіндіктер бар: онлайн платформалар қолжетімді, студенттер қажетті техникамен және оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етілген.

Колледждер оқу процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдармен және қажетті нормативтік құқықтық актілермен қамтамасыз етілген.

«Қашықтан білім беру процесінің сапасын қамтамасыз ету бойынша ТжКБ ұйымдарының басшыларымен ДКБ жүйелі негізде жүргізіледі. Бұл бағыттағы жұмыс біздің үнемі бақылауымызда», – деді Ә. Мұханбетов.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир