Төтенше жағдайлар министрлігін құру үшін қанша қаражат қажет? Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин әңгіме қозғады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол аталған министрлік 2014 жылы Ішкі істер министрлігінің құрамына кіргенін еске сала кетті. Ал кеше Қазақстан Президентінің Төтенше жағдай министрлігін құру туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі болды.
«Оның құрамына Төтенше жағдайлар комитеті және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті, Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті кіреді», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин.
Юрий Ильинның айтуынша, жаңа құрылымға осыған дейін Ішкі істер министрлігіне өткен бірқатар функциялар берілмек. Ол, сондай-ақ, Төтенше жағдайлар министрлігі республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатынын атап өтті.
«Әлбетте, еңбекақыны көтеру, лауазымдардың жаңа санаттарын енгізуге қатысты мәселе бар. Бірқатар лауазымды тұлғаның жалақысы өсетін болады. Бұдан бөлек, мемлекеттік органды қайта тіркеу, бланк өнімдерін шығаруға қатысты ұйымдастыру жұмысын жүргізу керек. Еңбекақы қорын шамамен 233 миллион теңгеге арттыру көзделіп отыр», – деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин.