Оқу ордасы студенттерге шетелге шықпай-ақ сапалы білім алуға мүмкіндік береді
Алматыда еліміздегі алғашқы британдық университет De Montfort Kazakhstan жұмысын бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқу ордасы студенттерге шетелге шықпай-ақ сапалы британдық білім алуға мүмкіндік береді. Экономикалық бағыттағы 5 мамандықтың оқу жоспары дәл Ұлыбританияның Лестер қаласындағы De Montfort университетіндегідей. Сәйкесінше, студенттерге шетелдік диплом табысталады.
«Бұл – студенттерге шетелдік білім беретін Қазақстандағы бірегей оқу орны. Біз сапалы білім беруге ұмтыламыз. Әр студенттің қабілеті мен қалауын ескеріп, жарқын болашаққа жол көрсетеміз. Өйткені университет әлемнің үздік 200 оқу орны қатарына кірген. Мұнда қазір 10 шетелдік оқытушы жұмыс істейді», - деді De Montfort University Kazakhstan ректоры Джеймс Паундер.
Бүгінде университет 1 курсқа 150 студент қабылдады. Мұнда олар үшін барлық жағдай жасалған. Қазіргі заманғы үлгімен салынған ғимарат, ерекше жасақталған сыныптар дәрісті барынша қолайлы етіп өткізуге арналған. Тіпті тынығу алаңдары, дене шынықтыру залы да қарастырылыпты. Одан бөлек, 42 бейнебақылау камерасы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге септеседі.
«Cтуденттер университетті бітіргенде өздерін жақсы сезінуі тиіс. Біз олармен тең дәрежеде сөйлесіп, барынша үлкен өмірге дайындаймыз. Ол үшін арнайы мамандар жұмысқа тұруына көмектесіп, бағыт-бағдар береді», - деді De Montfort University Kazakhstan басқарма мүшесі Сакина Зафар.