Алматыда Оқушылар сарайындағы обсерватория жұмысын қайта бастады

26.06.2024 в 21:13

Нысан 4 телескоппен жабдықталған

Жиырма жылдық үзілістен кейін Алматыдағы Оқушылар сарайында орналасқан обсерватория жұмысын қайта бастады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аспан әлемін егжей-тегжейлі зерттеуге мүмкіндік беретін бұл нысан төрт телескоппен жабдықталған. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орталыққа арнайы келіп, оқушыларға соңғы үлгідегі құрылғыны сыйға тартқан. Бүгінде обсерватория жас ғалымдар үшін сан қилы зерттеулер жүргізіп, салада жаңалықтар ашуға мүмкіндік беретін орынға айналып отыр.

– Оқушылар сарайына келгенде, балалар сабақ оқымайды, жоба жасайды. Балалар 5 жобаны Президенттің алдында қорғады, – деді «Оқушылар сарайы» МКК обсерваториясының бөлім меңгерушісі Ақсұңқар Арысбай.

Ғылымға бет бұрғандардың бірі – жас астроном Шолпан Аманкелді. Ол жақында ғана наноспутник жасап шыққан. Жоба авторы «құрылғы арқылы экожүйені өзгеріссіз сақтау және қалпына келтіруге қатысты тың деректерді жинауға болады» дейді.

Еске салайық, наноспутник бір ай бұрын ауада шамамен 10 сағатқа жуық қалықтап, 30 шақырым биіктікті еңсерген.

– Қазақстандық оқушылар арасында жасалған алғашқы наносптуник болып отыр. Мақсаты – геоақпаратты алу және озон қабатын зерттеу және болашақта жасанды жаңбыр шақырту технологиясына ақпараттарды жинау. Жиналу процесі 2 жыл, жасалу барысы 3-4 жылға созылды, – деді жоба авторы Шолпан Аманкелді.

Оқи отырыңыз: Жайлы мектеп: елімізде жыл соңына дейін 217 мектеп салынады