Елімізде жыл соңына дейін 217 мектеп салынады. Оның 98-і бірінші қыркүйекке дейін пайдалануға беріледі. Президент пәрменімен қолға алынған бастама «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында іске асырылмақ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Құрылысы қалыпты жүріп жатқан білім ошағы 2000 орынға лайықталған. Мұндағы шаруа өткен жылдың жазында басталған. Негізгі жоспар бойынша қыркүйекке дейін тапсырылуы керек. Қазір нысанда 300-ге тарта адам жұмыс істеп жатыр. 10 блоктан тұратын оқу ордасында баланың білім алуы мен дамуына қажеттінің бәрі қарастырылған.
– Бұл жерде 2 үлкен және 2 кіші сыныптарға арналған спорт зал бар. Асхана 450 орындық, акт залы 432 адамға негізделген. Ішкі әрлеу, қасбетін жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыс сағат 8:00-де басталады. 200-ден астам адам жұмыс істейді, – деді мердігер компания өкілі Бекжігіт Омар.
Бас қалада бүгінде «Жайлы мектеп» жобасымен 15 мектептің құрылысы жоспарланған. Оның 8-і бірінші қыркүйекте қолданысқа беріледі. Оқу ордалары Үкімет бекіткен техникалық тапсырмаға сай жабдықталады. Құрылысында озық халықаралық тәжірибе ескеріледі. Тағы бір ерекшелік отандық өндіріс материалдарын пайдалануға басымдық берілген. Оқимын деп келген балаға жайлы жағдай жасау қарастырылған.
– Бұл жайлы мектептердің ерекшелігіне тоқталсақ, ауқымы, ауданы жағынан 20 пайыз үлкен. Сонымен қатар заманауи зертханалармен жабдықталған. Балаларға арналған 4 спорт зал бар, робототехника, би үйірмесіне қатыса алады, – деді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ өңірлік директоры Эдуард Қуанышев.
Үш гектар аумақты алып жатқан бұл маңда алдағы екі айда су жаңа білім ошағы бой көтереді. Қазір мектептің құрылыс жұмыстары бел ортасынан асқан. Келер айдан бастап оқуға қажетті құрал жабдықтар әкелінеді.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы ел аумағында негізінен 2 кезеңмен іске асады. Алғашқысы бойынша жыл соңына дейін 217 мектептің құрылысы аяқталуы тиіс. Тағы 152 нысан келер жылға жоспарланған. Үкімет биыл 200 мың оқушы орны тапшылығын жоюға күш салмақ.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Алматыда жастар үшін тағы бір жаңа тартылыс нүктесі ашылады