Алматыда каникул кезінде оқушылар демалу үшін келген қала маңындағы лагерьлерде жазғы демалысты ұйымдастыру бойынша баспасөз туры өтті. Оған ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова, Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева, ата-аналар мен қоғам қайраткерлері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мониторинг барысында қатысушылар Jellyfish (Қонаев қ.) және «Өрнек» қала сыртындағы лагерьлердің бағдарламасымен танысты.
Ең әуелі олар 1700-ден астам оқушыға қызмет көрсетуді жоспарлап отырған Қонаевтағы Jellyfish («Samruk company» ЖШС) лагеріне ат басын тіреді. Қала маңындағы лагерьдің бағдарламасы сан түрлі, тәлімгерлер балаларды бассейнде жүзуге, кешкі алаудың жанында гитарамен ән шырқауға үйретеді, балалар үшін белсенді демалыс, шығармашылық байқаулар мен жарыстар ұйымдастырылады.
- Біз лагерьде болуға тиіс барлық техникалық шартты сақтаймыз. Демалушылардың қауіпсіздігі үшін периметр бойынша бейнекамералар орналасқан, өрт дабылы бар. Жыл сайын нормативтерге сәйкестігін тексереміз. Бізде арнайы дайындықтан өткен кәсіби педагогтар, тәлімгерлер жұмыс істейді. Лагерьде 6 жастан 15 жасқа дейінгі балалар тегін демалады. Ата-аналар үшін демалысты Үкімет мемлекеттік сатып алу арқылы төлейді, - деді Jellyfish лагерінің директоры Жанар Қуатбекова.
Бұдан кейін баспасөз турына қатысушылар Алматы қаласы Оқушылар сарайының «Өрнек» қала сыртындағы лагеріне аялдады. Мұнда маусым айында «Жас ұлан» республикалық балалар-жасөспірімдер ұйымы қалалық филиалының үздік өкілдері слетіне екі ауысымы өтіп, қаладағы 8 ауданнан 160 адам қатысты. 20-30 маусым аралығында лагерьде «Жанұя» әлеуметтік кешенінен 80 бала демалды. 4-13 шілде аралығында ғылыми-техникалық бағыттың бейінді ауысымында лагерьде әлеуметтік санатқа жататын отбасылардан шыққан оқушылар сарайының 92 оқушысы, сонымен қатар, түрлі байқаулардың, жарыстар мен олимпиадалардың жеңімпаздары демалды. 18-27 шілде аралығында келесі ауысым өтеді. Оқушылар сарайының білім алушылары үшін тамыз айында тағы екі ауысым ұйымдастыру көзделген.
Аида Букаева – көпбалалы ана, қазір екі ұлы «Өрнек» лагерінде демалып жатыр. Айтуынша, лагерьде қауіпсіздік нормасы ескерілген, балалардың толыққанды дамуы үшін барлық жағдай жасалған.
- Бұл біздің балалық шағымыздың нағыз лагері - барлық қолайлы жағдай жасалған, балалар дән риза. Мені әркез балалар мекемесінде ең бірінші қызықтыратын нәрсе – медициналық-санитарлық бөлім. Бұл жерде ол тиісті нормаға сай. Содан кейін асханасына бардым, бәрі де талапқа сай. Барлық ата-анаға дүрбелеңнің қажеті жоқ деп айтқым келеді. Нағыз бағаны балалар береді. Бүгін ұлым егер мүмкіндік болса, ол екінші маусымға қалатынын айтты. 10 жыл бойы балалары лагерьге барған ана ретінде әр жолы балалар белгілі бір жетістікпен оралатынын айтқым келеді. Иә, бұл аз ғана мерзім, бірақ балалар ашылып, тәуелсіз болуды үйренеді, балалар алыстағы ата-аналарын көбірек түсіне бастайды, - дейді Аида Букаева.
Жаздың бірінші айында оқушыларды мектеп жанындағы лагерьлердің тәлімгерлері қарсы алып, оларға түрлі іс-шаралар дайындады. Бағдарламаға эксклюзивті экскурсиялар мен шығармашылық шеберханалар кірді. Балалар барлық отрядаралық байқауларға, жарыстар мен концерттерге қатысты. Сонымен қатар, балалар үшін 30 мың баланы қамти отырып, тегін тамақтану ұйымдастырылды. Жаз айын қалада өткізетін балалар мемлекеттік және жеке қосымша білім беру ұйымдарында үйірмелер мен секцияларға белсенді қатысады.
Насымжан Оспанова балаларға қызмет көрсететін ұйымдарды реттеу мәселесі бойынша нормативтік-құқықтық базадағы өзгерістер туралы айтты. Атап айтқанда, осы қызмет түрі бойынша бизнеске мораторийдің күшін жою, аталған салада жаңа кәсіпкерлік субъектілерін ашудың хабарламалық тәртібін баяндады.
Қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, қазір қалада 214 мемлекеттік мектеп бар, оларда 300 мыңнан астам бала оқиды. Жыл сайын Алматы қаласының әкімдігі көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 3000 баланың сауықтыру демалысына қосымша қаражат бөледі, оның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 100 баланы және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қала сыртындағы лагерьлерге демалуға жіберу жоспарланған.
- Бүгін біз Алматы қаласы Оқушылар сарайының «Өрнек» мемлекеттік лагерінде тұрмыз. Өкінішке қарай, лагерьдің жобалық қуаты барлық баланы қамти алмайды, осыған байланысты білім басқармасы сауықтыру демалысына қосымша байқау жариялады. Байқау қорытындысы бойынша Алмалы және Наурызбай ауданында Jellyfish балалар сауықтыру лагері («Samruk company» ЖШС) жеңімпаз атанды. Екінші компания Ұзынағаш ауылындағы «Бел Ричи» ЖШС («Арман дала» лагері), біз қазір шартты бұзуға мәжбүрміз. Бұл жерде мәміле 107 млн теңгеге жасалғанын атап өткім келеді, бірақ біздің тарапымыздан өрескел заң бұзушылықтарға байланысты компанияға қаражат төленбеген. «Тау самал» лагерін ұсынған «Айсұлу» ЖШС компаниясында да кемшіліктер де анықталды. Олармен де келісім бұзылады. Қызмет ақысы төленбеді, - деді Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда демалыс кезінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 3000-ға жуық баланы, оның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 100 баланы және ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қала сыртындағы лагерьлерге демалуға жіберу жоспарланған. Бұған дейін «Бел Ричи» ЖШС («Арман дала»), «Айсұлу және Т» ЖШС («Тау самалы») лагерьлерінің базасындағы жағдайдың тиісті талапқа сай келмеуіне байланысты Алматы қаласы білім басқармасы қызмет көрсету шартын бұзу туралы хабарлама жолдаған болатын. Ақысы төленбеді. Білім басқармасының жауапты қызметкеріне қатаң сөгіс жарияланды.