Білім сапасы бойынша қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайту шаралары қолға алынбақ
Ел тарихында тұңғыш рет бірден 10 ұлттық жоба қабылданды. Олар қоғам мен мемлекет өмірінің барлық маңызды қырын, сондай-ақ, экономиканың басым салаларын қамтиды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің мәліметінше, «Білімді ұлт – сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 1 мың жаңа мектеп тұрғызылады. Осылайша, елдегі үш ауысымды мектептер толығымен жойылмақ.
Жалпы, Ұлттық жоба 4 бағыт, 5 міндет, 15 көрсеткіш және 26 іс-шараға негізделіп отыр.
«Бұрынғы мемлекеттік бағдарламалардан бұл ұлттық жобаның айырмашылығы – оған бәрі жауапты болады, оны бақылау қолға алынады. Осы жоба арқылы қаншама ресурстар, мүмкіндіктер беріліп отыр. Шынымен де, пандемия кезінде көп нәрсені түсініп қалдық. Сондықтан экономикамыз көтерілуі үшін жан-жақты білім керек. Білім-ғылымды дамытуымыз керек», – деді ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов.
Білім сапасы бойынша қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайту әрі республиканың білім деңгейін арттыру үшін кешенді шаралар қарастырылған. Сондай-ақ, «Цифрлық ұстаз» жобасы да іске асырылмақ. Ал 2025 жылға қарай шағын қалалар мен аудан орталықтарында және ауылдарда 5 мың мектеп жаңартылады.
Айта кету керек, аталған жоба техникалық және кәсіптік салаларға да біраз өзгерістер әкеледі деп күтіліп отыр.