|
04.10.2022 | 19:58
6131

Алматы облысындағы оқушылар мектептегі орынға таласып оқып жатыр

Мұны жергілікті әкімдік өкілдері де жоққа шығармады

Алматы облысындағы оқушылар мектептегі орынға таласып оқып жатыр Almaty.tv

Алматы облысындағы елдімекен мен саяжайда тұратын 2 мыңнан астам бала 500 оқушыға ғана арналған мектептегі орынға таласып оқып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қарасай ауданына қарасты Көкөзек ауылындағы білім ордасы 3 ауысыммен оқыса да мәселе реттелер емес. Мұны жергілікті әкімдік өкілдері де жоққа шығармады. Алайда оқушылардың даурыққан ата-анасы «биліктегілердің шындықты мойындағаны емес, нақты іске кіріскені керек» дейді.

Қарасай ауданындағы 12 мектепте биыл да орын тапшы, сондықтан 3 ауысымда білім беруге мәжбүр. Салдарынан сабақтың басталар уақыты да, аяқталар сәті де өзгерген. Мәселен, Көктоған мен Ақсеңгір ауылындағы жұрт бір баланы мектепке таңда апарсақ, екіншісін түске таман, ал үшіншісін кешке қарай кезек-кезек аттандырып отырамыз дейді.

«11 немерем бар. 0, 1, 2 сыныптарда оқитыны бар. Таңертең оқиды олар. Түстен кейін оқитын 9 сыныптағы қыздарымыз түстен кейін шығады, кешкі 7-8-дерде келеді», – деді Көктоған ауылының тұрғыны Мехриза Төлтенова.

Шалғай ауылдағы оқушылардың дені білім ордасына мектеп автобусымен қатынайды. Ата-аналар сөзінше, мұнда да орын тапшы. Ауыл балаларын алып кетуге келген көлік, бірінші ауылдан шықпай жатып, бір сәтте лық толатын көрінеді. Соның салдарынан, оқушылар бір-бірін итеріп, мектепке жеткенше сығылысып барады дейді.  

«30 бала сиятын автобусқа 60-70 баланы отырғызамыз. Автобус өте кішкентай», – деді Көктоған ауылының тұрғыны Салтанат Байғабыл.

Көктоғандағы аялдамаға маңдағы саяжайда тұратын оқушылар да келеді. Алайда бұл жерге жету үшін олар ең алдымен шаңы бетіне шығып, жаңбырлы күндерде ми батпақ болатын қотыр жолмен жүреді.

Балалары мектептен кеш қайтқандықтан ата-ана қолдарына шам алып, жолын тосатын көрінеді. Себебі ауылда жарық жоқ, оның үстіне қаңғыған итте көп дейді. Алайда Көкөзектегі мектеп директоры оқушылар қауіпсіздігі үшін арнайы кезекшіліктің барын айтып ақталды.  

«Негізінде мектебі жоқ елдімекендерден тасымалдау ұйымдастырылған. Арнайы кезекшілер қойылған. Олар шығарып салады және қарсы алады», – деді Көкөзек ауылындағы орта мектеп директоры Жәмилә Манкеева.

Мектеп директорының сөзінше, бүгінде 2 мыңнан астам бала оқитын Көкөзектегі орта мектеп 2000 жылдары салынған. Ал орын тапшылығы осыдан 2 жыл бұрын біліне бастапты. Қарасай аудандық білім бөлімі бұл мәселе бойынша жұмыс қазір қызу жүріп жатыр дейді. Сөзіне сенсек, алдағы 1-2 жылда дәл сол Көкөзек ауылында 1200 орындық білім ордасы бой көтермек.

«3 аусымды 12 мектептің 3-не жапсарлас құрылысы жүргізіліп жатыр. 600 орындық. Жаңа 3 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қалған 3 мектепке жаңа мектеп құрылысын жүргізу үшін жер телімдері толық қарастырылды. Актісі бар. Қазіргі уақытта жобалық құжаттамалары дайындалуда», – деді Қарасай аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әсел Еркімбаева.

Әкімдік өкілі 3 аусымды мектептердің жүктемесін азайту мақсатында жұмыстар жүріп жатыр дейді. Алайда оған қатынайтын автобустың бағытын созу, немесе санын арттыру мәселесі қалай шешілетінін нақты айтпады. Айта кетсек, Қарасай ауданында 78 мыңнан астам оқушы 52 мектепте білім алып жатыр.

Оразай Нұртай, Рәшидин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир