Жол ашылмаса, баламызды мектепке жібермейміз: Қарасай ауданында жол жекенің қарамағына өтіп кеткен

Almaty.tv
Almaty.tv
Жауапты мекемелер ел сұрауына жауап бере алмай отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарасай ауданында көптің қолданысындағы жол жекенің қарамағына өтіп кеткен. Ал жауапты мекемелер ел сұрауына жауап бере алмай отыр. Мектепке апарар бағыттың қалай бақылаудан шығып кеткенін жергілікті әкімдік те білмейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Елді алаң қылған аумақ - осы. О бастағы жоспар бойынша әрі көптің қолындағы құжатқа сәйкес мұнда жол түсуі керек. Бірақ 5 ай бұрын үйдің иесі өзіне тиесілі аумақты қоршаған. Мәселенің төркіні - жол үстін жекеменшікке беріп жібергендерде жатыр.

«Бұрынғы әкім былай сатып келген, қазіргі әкім былай сатқан. Екі ортада жолды жауып тастаған, болды. Сонша халық мына жерді, қаншама семья, ешкім былай бара алмай тұр», – деді Жібек жолы ауылының тұрғыны Саламат Бекжан.

Елдің алды 2012-де көшіп келген. Ал 2017 жылы көрсетілген аумақтың жол типінде қолданысқа берілуі жөнінде құжат рәсімделіпті. Осы тұста түсінбестік туады: үй салып, жолды қоршап алған азаматтың да заңды қағазы бар.

Түйіні тарқамай тұрған түйткілге қатысты ешкім нақты жауап берген жоқ. Жердің қолданыс типін кімнің, қашан өзгерткенін сұрап ек, аудан мен ауыл әкімшілігі бір-бірін нұсқаудан әрі аспады.

«Ауданға бағынышты бөлімдердің тарапынан берілген шығар ол, мен нақты білмеймін. Бірақ біздің Жібек жолы әкімі аппаратының тарапынан ешқандай жер берілген жоқ», - деді Жібек жолы ауылдық округі әкімінің орынбасары Дидар Нұрақынов.

«Генплан бойынша жол қарастырылған ол аумақта. Сол себепті Жібек жолы ауылдық округі әкімінің орынбасары арыз жазған, сотқа арыздануыңызды сұраймыз деп», –деді  Қарасай аудандық әкімі аппараты құрылыс және сәулет бөлімінің маманы Жәнібек Қайыржанұлы.

Екі әкімдіктің маманы да мәселе тек сотта шешіледі деп отыр. Ол үшін тұрғындар арыздануы керек. Ендігіде жалпы қолданыстағы жердің қашан, қандай жолмен жекеменшікке өтіп кеткенін тек құзырлы органдар анықтай алады.

Мадина Оқас, Сағындық Нарықов, Алматы телеарнасы


Новости партнеров