Алматылық оқушылар мектепке қайта оралды

Almaty.tv
Almaty.tv
Бас санитардың қаулысына сәйкес бұған дейін үйден оқып келген 1-5-сынып оқушылары партада отырып сабақтарын жалғастыра береді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы мектептерінде офлайн білім беру басталды. Бас санитардың қаулысына сәйкес бұған дейін үйден оқып келген 1-5-сынып оқушылары партада отырып сабақтарын жалғастыра береді. Мұндай шешімге оқу ордалары дайын ба? Almaty.tv тілшісі баяндасын.

Соңғы шыққан қаулыға сәйкес сыныптағы бала саны 25-тен аспау керек. Барлық санитарлық талаптар сақталып, әр партада 1 оқушыдан отырады. Тағы бір айта кетерлігі, оқушылар үшін мектеп формасын кию міндетті емес.

Бұл Медеу ауданында орналасқан №168 мектеп гимназиясы. Мұнда оқитын оқушылардың ата-аналары жақсы жаңалықты ести сала балаларын бірден мектепке әкелген. Сондықтан да жағдай одан әрі тұрақталып, оқу жылы осылай сәтті аяқталса екен, дейді ата-аналар.  

«Бала мектепке келгеннен кейін білімге өзінің құштарлығын сезінеді. Мен ата-ана болғаныммен, балаларым мені мұғалім ретінде қабылдамайды», – деді ата-ана Дарын Мұхамеджанов.

«Қазір балаларымыз мектепке келіп, сабаққа деген үлгерімі жақсарды. Біз өте қуаныштымыз», – деді ата-ана Рысханым Мұсаева.

Ал, ұстаздар қауымы болса оқушылармен қауышып, дәстүрлі білім беру форматына қайта оралғандарына қуанышты. Бұл гимназияда 800-ден астам оқушы бар екен. Соның 300-ге жуығы келіп оқиды. Мектеп басшылығы оқушылардың қауіпсіздігі үшін түске дейін және түстен кейінгі уақытқа бөліп, барлық санитарлық талаптарды сақтап оқытады. Егер ата-аналары бұған көнбесе онлайнмен жалғастыруға да құқылы.

«Ата-аналарымыз бізді қолдап отыр. Олардың өтініші бойынша барлық баланы қамтимыз деген ойдамыз. Оған біздің мектептің жағдайы жасалынған. Сыныптарымыз бар. Барлық санитариялық талаптар сақталған», – деді Қасыл Қатықбаева атындағы №168 мектеп-гимназиясының директоры Манас Тайкенов.

Одан бөлек 9-11-сынып оқушылары да аралас оқуға көшкен. Яғни пәндердің 70 пайызын мектептен оқыса, 30 пайызына онлайн. Қазіргі уақытта қалада 287 мыңнан астам оқушыны қамтып отырған 278 оқу ордасы бар. Соның 207-сі мемлекеттік болса, 71-і жеке меншік мектеп.

Новости партнеров