Жамбылда ауыл шаруашылығына берілген жерді шенеуніктер туысқанының атына рәсімдеген

Жамбылда ауыл шаруашылығына берілген жерді шенеуніктер туысқанының атына рәсімдеген
Мұндай жымысқы әрекеттер, әсіресе, Жуалы мен Байзақ ауданында көп
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Баптаған жерім басқанікі болып шықты». Жамбыл облысында ауыл шаруашылығына берілген жерді шенеуніктер туысқандарының атына рәсімдеп тастаған. Мұндай жымысқы әрекеттер, әсіресе, Жуалы мен Байзақ ауданында көп. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкері жақындарының атына жазған 16 жер телімін «Антикор» мамандары анықтаған. Толығырақ Almaty.tv тілшісі айтсын.

Байзақтық дихан Сүлеймен Ахметов 24 жылдан бері 98 гектар жерді игеріп келеді. Ол 42 гектар суармалы жеріне дәнді-дақылдар егіп, қалғанына арпа-бидай өсіреді екен. Жылдар бойы пайдаланған жерінің жартысын 2017 жылы бәзбіреулер иемденіп алғанын айтады. Ал оны қожалық иесі 2019 жылы жерді электронды тіркеуден өткізу кезінде бір-ақ білген.

«19 жылы мына электронды тіркеу басталды. ХҚКО-дан барып тіркеу жасатайын десем, мемлекеттік АКТ өтпейді. Сіздің жеріңізде басқа адам отыр деді. Ауылбаев Асқар әкесінің атына тіркеген. Өзі БТИ-да істейді. 2017 жылы ол өзіне жасап алған», – деді Шаруа қожалығының жетекшісі Сүлеймен Ахметов.

Әліптің артын бақсақ, мұндай жағдай өңірде аз емес екен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының мамандары, өз ағайын-туыстарының атына аудандардан жер телімдерін жазып қойғанын анықтапты. Басым бөлігі ауыл шаруашылық мақсаттағы жерлер деді.

«Әрбір маман орташа есеппен 1 мың гектардан 2 мың гектарға дейін жер учаскелерін әрбір ауданда иеленген. Әрі олар өзінің атына немесе ағайындарының атына жазып қойған. Ең үлкені Талас ауданында бір маман өзінің ағайындарына 4 мыңнан аса жерді алып берген. Немесе Байзақ ауданында ол жерде де бір маман сол мемлекеттік корпорация маманы өзінің ағайындарының атына 16 жер учаскесін жалпы көлемі 320 гектардан асатын жерді алып берген», – деді Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев.

Демек, жер учаскелерін сату үшін өткізілетін аукционды ұйымдастыру кезінде бірқатар бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол беріп келген. Бәссауда өткізер алдында интернет-ресурстары мен БАҚ арқылы хабарландыру жарияламаған. Сатылымға қойылған жер учаскелерінің нақты мекенжайын көрсетпей келгені белгілі болған. Осылайша оңай олжаға кенеліп отырған. Сондықтан антикор қызметкерлері жер беру ережесін қайта қарап, оңды-солды жер таратуға заңмен тосқауыл қою керек деп отыр.

Мерей Бает Шыңғысхан Кеңесхан Алматы арнасы Жамбыл облысынан

Новости партнеров