Білім күні қарсаңында Алматыда жаңа форматтағы модульді мектеп есігін ашты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алатау ауданының «Томирис» ықшамауданында бой көтерген су жаңа №205 мектеп қаладағы көлемі жағынан ең үлкен ғимарат болып саналады. Басты ерекшелігі – сыныптар соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтылған, екі спорт залы, заманауи үлгідегі асхана, кітапхана мен коворкинг аймақтар және ойын алаңдары бар. Алғашқы қоңырауы соғылған білім мекемесіне бүгін 1400 оқушы қабылданды. Мектептің ашылу құрметіне келген демеушілер шетелден алдырған екі автобусты сыйға тартты. Енді арнайы көлік алыстан қатынайтын оқушыларды тегін таситын болады.
«Сыныпта 24 бала ғана отырады. Одан артық бала отырмайды. 30-40 бала отырмасын деп есептелген. Өте тамаша, ыңғайлы, берілген жиһаздардың барлығы балалардың денсаулығына, денесіне жарақат келтірмейтіндей сапалы жасалған. 5-қыркүйекке дейін одан да көп баланы қабылдаймыз деген сенімдеміз», – деді хабарлайды №205 жалпы білім беретін мектептің директоры Гүлнәр Дәулетова.
«Балаларымыз өссін, өнсін. Осы Алатау ауданының балаларына біз әкімдік атынан, әкімнің атынан жетістіктер тілейміз. Білімді, ізденімпаз болсын! Балаларымыздың мерекесі құтты болсын! Алатау ауданының атын шығаратын, Қазақстанның атын шығаратын балаларымз көп болсын», – деді Алатау ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы Ләйлә Оразбаева.