Сынып жетекшісі ақша жинау туралы білмейтінін айтты
Алматы облысында ата-аналардан «ақша жинады» деген мектеп мұғалімі дауға қалды. Ал желіде тараған жазбаны білім ордасының басшылығы теріске шығарып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жылдың соңы, сыныпты жөндеуге ақша жинайық деген жазба желіде жарияланған соң, Бесағаштағы №29 мектептің басы дауға қалды. «Ақша жинау керек» деген жазба білім ордасының 8-сынып оқушыларының ата-аналар чатында айтылған екен.
«Біз бар болғаны базар бағасымен ақша жинап, еденді сырлап, жаңартпақ болдық. Әрине, ұят болды. Надия Нариманована – жақсы педегог. Біз бұлай тарап кетеді деп ойламадық. Ақшаны өз еркімізбен жинадық. Сынып жетекшісі білмеді», – деді ата-ана Малика Гек.
Десе де ата-аналар тек карантин кезінде ғана өзіміз жиналып, тазалық заттарын алғанымыз бар деп қалды.
«Жыл басында сыныппен ақылдаса келе өз баламыз үшін тазалық заттарын алып бердік», – деді ата-ана Бахтияр Азнабакиев.
Ал аудиодан аты аталған сынып жетекшісі ақша жинау туралы білмеймін деп отыр.
«Ол ақша туралы әңгіме болмады. Ата-аналардың жиналасында да айтылмады. Қайдан шыққанын біз білмейміз. Оқушылар арасында ақша жинау туралы ешқандай тапсырма болған жоқ», – деді №29 мектептің 8-сынып жетекшісі Надия Арзиева.
Мектеп басшылығыда бұл мәселені ести сала шұғыл жиын өткізген. Оның үстіне мектеп мұғалімдеріне сағат сатуы мүмкін деген шағымға да жауап берді.
«Қайдан шыққан сөз екенін білмеймін, бірақ мектепте ешқандай ақша жиналмайды. Керекті заттарды бюджеттен бөлінген ақшаға аламыз. Жалған ақпарат деп ойлаймын, мен сағат сатқан емеспін, бар сағатты білім бөлімі бөледі», – деді №29 мектептің директоры Назым Сәрсебаева.
«Облыстық білім басқарамасының түрлі сылтауды пайдаланып, ақша жинамау туралы бұйрығы шығарылған. Енді соны анықтау үшін келіп отырмыз. Қазір жұмыс жүргіземіз. Жаңа айтып кеттім, анықталған жағдайда шара қолданамыз», – деді Талғар ауданы білім бөлімінің сектор меңгерушісі Ләззат Құрманбаева.
1976 жылы салынған мектеп жылда жөндеуден өтуі үшін бюджет қарастырылған дейді білім бөлімінің басшылығы. Ал осы жылға аудандағы 34 мектептің жөндеуіне 24 миллион теңге ақша бөлінген.
Әлібек Шынтемі, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы