Алматыдағы 450-ден аса мектеп пен балабақшада кешенді қауіпсіздік жүйесі енгізілген. Жоба қала әкімінің тапсырмасымен жүзеге асты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мегаполисте былтыр желтоқсан айынан бастап білім ордаларында бейнебақылау камераларын, жедел басқару орталығына қосылған дабыл түймелерін жаңарту жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде барлық мектепке кімнің кіріп-шыққанын бақылауға алатын Face-id құрылғылары іске қосылды. Жүйе тек тіркелген мектеп қызметкерлері мен оқушылардың ғана түр-әлпетін таниды.
– Қызым 2-сынып оқушысы. Оқушылардың қауіпсіздігі ретінде турникеттер арқылы бөгде адамның оқу ордасына кіруіне тосқауыл болып жатыр. Бұл – қуантарлық жағдай, – деді ата-ана Керімбала Әбітай.
– Мектебімізде қазіргі таңда 3784 оқушы білім алуда. Сол барлық оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 133 бейнебақылау камерасы орнатылған және орталыққа қосылған. Сондай-ақ лицензиялық күзет қызметкерлері де жұмыс істейді, – деді № 209 гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Бибігүл Қаспақова.
Бейнебақылау камераларындағы жазбалар 30 тәулікке дейін сақталады. Білім беру объектілерінің бүкіл аумағы тәулік бойы бақылауда болады.
Қауіпсіздік жүйесі жедел әрекет ететін дабыл түймесімен толықтырылған. Қандай да бір оқиға немесе төтенше жағдай туындаған кезде түймені басса, ақпарат бірден полицияға түсіп, білім ордасына жедел топ келеді. Сондай-ақ Face-I’d арқылы түймені кім басқаны да бірден белгілі болады.
Келешекте дабыл түймесін жылжымалы етіп модернизациялау жоспарланып отыр. Ал бейнебақылау арқылы оқушылардың жүріс-тұрысын жіті қарап отыру мектептегі әлімжеттіктің де азаюына сеп болады деген сенім бар.
– Алдыңғы 4500 цифрлық бейнекамера болған. Сонымен қосқанда 16800-дей цифрлық бейнекамера бар. Ақпанның аяғына дейін турникет пен бейнебақылау арқылы кіргізу жұмысы аяқталады деп күтіп отырмыз, – деді Білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубай.
Орнатылған Face-id арқылы болашақта ата-аналар баланың мектепке қай уақытта кіріп-шыққаны туралы ақпарат алатын болады. Биыл күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мектептер мен балабақшаларды қауіпсіздік жүйелерімен қайта қосымша жарақтандыру жоспарланып отыр.
Жансая Олжабек, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Жайлы мектеп: Ұлттық жоба аясында неше мектеп қолданысқа беріледі