Биыл елімізде бірінші сыныпқа 364 мыңнан астам бала барады
Қазақстанда күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан 68 мектеп 1 қыркүйекке дайын болмайды. Бір ғана Ақтөбе облысында 12 білім ошағы болса, Алматы мен Атырау облысының әрқайсысында 10 нысан жаңа оқу жылында пайдалануға беріліп үлгермейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елімізде осы күні 260 мектепте күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 194 нысанның құрылысы 1 қыркүйекке дейін аяқталатынын айтып, сендірді. Ведомство басшысы «қалғандары жыл соңына дейін қолданысқа беріледі» дейді. Айналдырған 3 айдың ішінде бұл шаруаны аяғына дейін жеткізу қиын екенін атап өтті.
– Жөндеу жұмысы әр ғимараттың аумағына, тозуына байланысты. Кейбіреуі толықтай жаңартылса, енді бірін тек сырлауы мүмкін. Сол себепті құрылыс созылып жатыр, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Биыл елімізде бірінші сыныпқа 364 мыңнан астам бала барады. Мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер саны Алматы қаласында, Алматы мен Түркістан облысында көп. Министрдің сөзіне қарағанда, 3 ауысымдық оқу мәселесі толығымен шешілмеген. Орын тапшылығы әлі де бар. Дегенмен 154 жаңа мектептің құрылысы біткен соң, 130 мың балаға орын ашылады.
– Бұл мәселе бойынша Президентке де есеп бердім. 154 мектеп биыл қолданысқа берілсе, құлағалы тұрған білім ордасындағы балалар мен 3 ауысымды мектептерде оқитын біраз оқушыға орын ашылады. «Жайлы мектеп» жобасы іске қосылғаннан кейін келесі жылы бұл мәселе толығымен шешімін табуы мүмкін, – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Биыл бірінші сыныпқа өтінім беру сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасты. Министрлік мамандарының айтуынша, балаларының құжатын өткізіп үлгермеген ата-аналардың мәселесі жеке дара жергілікті білім басқармасымен қаралады.
– 1 тамызға дейін балаларының құжатын мектепке тапсыруға үлгерді. Бірақ үлгере алмаған ата-аналар болса, білім беру басқармасы комиссия құрып шешім қабылдайды, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың сөзіне сенсек, елде бірінші сыныпқа құжат тапсырғандардың 70 пайызы қазақ тілінде білім алуға ниетті екен. Былтыр бұл көрсеткіш 65 пайыз болған. Министр бұл сан жыл сайын өсіп келетінін де айтып қалды. Балалардың мемлекеттік тілде білім алуда Шымкент қаласы, Түркістан мен Алматы облысы көш бастап тұр.
Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Педагог қауіпсіздігі: Алматыда білім беру саласында қандай жұмыс атқарылып жатыр